ӘЙЕЛ ҚҰҚЫҒЫ МЕН БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІН ҚОРҒАУ – БАСТЫ МІНДЕТ

0
36

Пре­­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің дәстүрлі Жолдауларында әйел құқығына, бала қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөліп келеді. «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхба­тында: «Мен Заң және Тәртіп қағи­датын нығайтуды жақтаймын, отбасы­лық-тұрмыстық зорлық-зомбы­лық үшін жазаны қатаңдатуды қолдай­мын. Басты міндетіміз – әйелдер мен ба­лалар құқығын қорғау» деп, қоғам­дағы әйелдердің гендерлік теңдігі құқық­тық, саяси және экономикалық мүмкін­діктермен өлшенетінін қадап айтты.

Пре­зиденттің тұрмыстағы зорлық-зом­былық пен балаларға қатысты зор­лық-зомбылық үшін жазаны қатайту туралы тапсырмасы маңызды әлеуметтік мәселеге берілген нақтылы жауап болды. Қабылданып отырған заңдар қоғамда дұрыс қарым-қатынасты нығайтуға ба­ғыт­талған. Алғаш рет заң­намалық деңгейде әйелдер мен балалар­дың құқықтарын қорғау, сондай-ақ отбасын қолдау орталықтарын құру үшін отбасы мәселелері бойынша 111 бай­ланыс орталығының жұмыс істеуі­не құқықтық негіз жасалып отыр.

Түркістан облысындағы халқымыздың ананы ардақтау, отбасылық дәстүрлеріндегі және бала тәрбиесіндегі асыл мұраларын насихаттау жас ұрпақтың жаңа болмысын қалыптастыру болып табылады. Сол үшінде облысымыздың әрбір тұрғыны ана мен бала құқығына назар аудару керек. Түркістан облысында көп балалы аналар көп. Себебі, мемлекеттің ең басты қазынасы – адам екендігі Конституцияда анық жазылған. Облыс аумақтарында ана мен баланы қорғау, олардың денсаулықтарын сақтау, отбасылық орталықтарда аналарға қамқорлық жасап, психологиялық көмек беру, балалардың қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз ету істері қолға алынып, оларға қоғамдық ұйымдар да үлес қосып келеді.

Жалпы алғанда әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінде, Орталық Азия аумағында және Қазақстанда да ана мен баланы қорғау саласында реформалар кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. 2020 жылғы қыркүйектегі Жолдауында ҚР Президенті Қ.Тоқаев отбасылық-демографиялық ахуал алаңдаушылық тудырып отырғанын айтып, отбасылардың бала сүйе алмауы, ажырасу санының артып кетуі, толық емес отбасы, некесіз бала туу, балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесі әлі де өзекті екендігін алға тартты.  Президент балаларға қатысты жыныстық әрекеті үшін қылмыстық жазаны қатаңдатуды  тапсырды. Сонымен қоса әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасы керек екенін айтты. Ана мен баланы қорғаудың заңнамалық негіздері көптеген мемлекеттердің Конституцияларында, арнайы қабылданған Еңбек кодексі, Отбасы  кодекстерінде, бірқатар заңдарда, атап   айтқанда, «Денсаулық сақтау туралы», «Бала құқықтарының кепілдіктері туралы» Заңдарда және өзге де заңнамалық актілерде көрсетілген. Ана мен баланың құқығын қорғау, әлеуметтік және денсаулық жағдайын жасау туралы түрлі қорлар, кеңестер мен  қозғалыстар, қоғамдық ұйымдар жұмыс істейді.

Ана мен баланы қолдау үшін республикалық бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер көзделген: жүктілікке және босануға байланысты, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты кірісінен айырылуы жағдайы бойынша әлеуметтік төлем, бала тууына байланысты тағайындалатын және төленетін бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы, бала бiр жарым жасқа толық толғанға дейiн оның күтiмiне мемлекеттік жәрдемақы, бала бiр жарым жасқа толық толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді алушылардың пайдасына қосымша белгіленген міндетті зейнетақы жарналарын бюджет қаражаты есебінен субсидиялау, бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналарға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылар.

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова зорлық-зомбылыққа, адам денсаулығына қасақана зиян тигізуге, балаларға қатысты жасалатын қылмыс пен ар-намысқа тиетін әрекеттерге қатысты бірқатар нормалардың енгізілгенін мәлімдеген болатын. Сондай-ақ педофилдерге қатысты өмір бойына бас бостандығынан айыру сынды үкім күшіне енді. Осылардың барлығы қоғамымыз үшін маңызды қадам. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандар да тиісті жазаланады.

Ең алдымен ана мен баланы қорғау дегеніміз еліміздің болашағын қорғау. Демографиялық жағдайымызды ілгерілету. Осыны ескере отырып Түркістан облысының барлық өңірлерінде жоспарлы түрде жұмыстар жүргізіліп келеді. Жергілікті әкімдіктер, прокуратура, құқық қорғау органдары, денсаулық және білім салаларының мекемелері балаларды қорғау мақсатында көптеген шаралар ұйымдастыруда. Мектеп, колледж оқушыларымен ұйымдастырылған шараларда балалардың құқтарын қорғауға қатысты, теріс жолға түсуден сақтандыру, есірткіге төзбестік мәдениетін қалыптастыру, түрлі бұқаралық-спорттық, рухани-мәдени іс-шара өткізу арқылы бала тәрбиесімен оларды қорғау мен қолдау жүзеге асырылуда.

«Отан отбасынан басталады». Қар­­ға тамырлы халқымыз қашанда отба­сы­лық құндылықтарды жоғары қой­ған. Ер-азамат – отбасының тірегі, қор­ғау­­шысы, басты тұлғасы, әйел-ана – шаңырақ­тың шырайы, берекесі, ал балалар, өске­лең ұрпақ – өміріміздің жалғасы, тір­шілі­гіміздің тірегі. Сондықтан да, елімізде және Түркістан облысы мен өңірлерінде ана мен баланы қорғау, қолдау, қауіпсіз де жайлы өмір сүрулеріне мүмкіншілік жасау жалғаса беретін болады. Отбасылық орталықтар мен балаларды қорғау мекемелері алдағы кезде осы бағыттағы жұмыстарды іске асыра бермек.