ҚАЗАҚТЫ ӘЛЕМГЕ ТАНЫТҚАН «ШАРДАРА АРМСПОРТҚА» — 28 ЖЫЛ ТОЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт саулығы үшін қазақстандықтардың барлығы жастайынан дене шынықтырумен, бұқаралық спортпен шұғылдануды әдетке айналдыруы қажеттігін айтқан болатын.Биылғы жылы Қол күрес спортынан алты құрлықты мойындатқан «Шардара Армспорт» спорт клубына 28 жыл толып отыр.
Ең алғаш Түркістан облысы Шардара ауданына қол күрес спортын алып келген, осы спорттың өңірімізде негізін қалаған Арман Романұлы Қарсыбаев Алматыда оқып жүріп, осы спорт түрімен айналыса бастаған болатын. Қазақстанда енді ғана дамып келе жатқан бұл спорт түрінің болашағы жарқын екеніне көзі жеткен Арман Қарсыбаев, туған жері Шардара қаласына келіп, өз үйіндегі қорасына темір терсектер жинап, аудандағы Шардара Армспорт клубының негізін қалады.
Ең алғаш рет 2001 жылдың 9-ақпан күні ауданымыздан қол күрестен облыс чемпионатына 12 спортшыдан тұратын құрама барған болатын. Міне, дәл осы 9 ақпан «Шардара Армспорт» клубының күні болып белгіленген. Осы сәттен бастап, Шардара қол күресі даңғыл жолға қадам басты. Бүгінгі күні Арман Қарсыбаев ұстазымыздың қажырлы еңбегі мен темірдей тәртібінің арқасында «Шардара Армспорт» дүниежүзі бойынша ең мықты клубқа айналып отыр.
Қазіргі таңда «Шардара Армспорт» клубында 500-ден астам спортшы тұрақты түрде жаттығады. Мұнда қол күреспен қатар гір көтеру, дзюдо, ауыр атлетика, каратэ, ұлттық спорт асық ату, найза лақтыру, ядро лақтыру, таэквондо, бокс, пауэрлифтинг сынды бірқатар спорт үйірмелері жұмыс істейді. Клубта 8 жастан бастап, ақысыз түрде кез келген адам спортпен айналыса алады. Сондай-ақ, мұнда жаттығатын балалар үшін тасмалдаушы автобустар қарастырылған.
Айта кетсек, бүгінгі күнге дейін қол күресінен «Шардара Армспорт» клубынан:
113 — Әлем чемпионы; 115 — Әлем чемпионатының жүлдегерлері; 74 — Әлем кубогының иегері; 347 — Азия чемпионы; 284 — Азия чемпионатының жүлдегерлері; 75 — Азия кубогының иегері; 498 — Қазақстан чемпионы; 85 — спортшы Халықаралық турнирлердің жеңімпазы; 70 — Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 130 — Қазақстан Республикасының спорт шебері шыққан.
Қазіргі таңда клубта бас-аяғы 32 жаттықтырушы жұмыс істейді.
Шардара Армспортының жетістіктерінің нәтижесінде жергілікті жастардың спортқа деген қызығушылығы жылдан жылға артып келеді. Жан басына шаққанда ауданымызда әлем бойынша ең көп чемпиондар тәрбиеленіп шығып отыр.
Кез келген іс басталғанда сенбеушілер, кері тартар пиғылы керағар жандар болды. Алайда «еңбек бәрін жеңбек» дегендей, ішкі бірлік пен қажырлы еңбек бізді дүниежүзіне танымал етті.
Сондай-ақ, жоғарыда айтылған үлкен нәтижелер тек жаттықтырушы мен спортшының ғана емес, мемлекетіміздің спорт саласына деген тікелей қолдауының, саяси тұрақтылық пен ел тыныштығының арқасы деп білеміз.
Мемлекетіміздің қолдауының арқасында шағын ғана ауданнан шыққан спортшыларымыз әлемнің 30 дан аса елінде болып, байрақты бәсекелерде атой салып, барлығында дерлік жеңіспен оралып отыр.
Айта кетсем, спортпен тұрақты айналысу бұл бала тәрбиесіне өте жақсы әсер етеді. Денсаулықты нығайтудан бөлек, баланың бос уақыты жаттығумен өтеді. Бұл қылмыс пен зиянды әдеттерден арылудың ең ұтымды жолы. Дені сау ұрпақ елдің жарқын болашағы.
«Шардара Армспорт» клубының негізін қалаушы, ұлағатты ұстазымыз Арман Романұлы өз сөзінде: «Біз сияқты Қазақстанның әрбір ауылында спорттың бір түрін дамытса, еліміз спорт саласында әлемдегі ең мықты державаға айналар еді» деген болатын. Сондықтан тек спортта ғана емес, кез келген салада елге, жерге деген сүйіспеншілік, темірдей тәртіп және махаббат болса алынбайтын қамал болмайды деп білеміз.
Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев 9-ақпан «Шардара Армспорт» — күніне орай ұйымдастырылған жасжеткіншектер мен жасөспірімдер арасындағы қол күрестен аудандық ашық біріншілікке қатысып, жарысты ашып берді.
«Биыл «Шардара Армспорт» спорт клубының негізі қаланғанына 28 жыл толып отыр. Ең алғаш Шардара өңіріне қол күрес спортын 1997 жылы алып келіп, осы спорттың өңірімізде негізін қаладық. Бүгінгі күні қажырлы еңбектің арқасында «Шардара Армспорты» дүниежүзі бойынша ең мықты клубқа айналды. Әрқашан алдыңғы буын ағаларыңның жеңісті де, жемісті жолын жалғап жүрек пен білектің күшімен еліміздің абыройын асқақтата беріңіздер»- деді Арман Қарсыбаев.
Сондай-ақ, спорт клубының дамуына үлес қосқан Ақбаева Жазира, Қалықұлова Меруерт және Құдайбергенова Феруза сынды нәзік жанды азаматшаларға алғыс хат пен естелік сыйлықтар тапсырды. Ашылу салтанатынан соң ҚР Әнұраны шырқалып, жарыс басталып кетті.
Аталған жарыста ауданымыздың кіл мықты, білекті де, жүректі спортшылары бақ сынасып, тартысты әрі қызықты өтуіне атсалысты. Жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларды атап айтар болсақ:
Жас-жеткіншек ұлдар арасында 30кг Назар С, 35кг Сайлау И, 40кг Қалдыбай Ө, 45кг Абдумутали Ә, 50кг Қожабек Ж, 55кг Аязхан С, 60кг Нұғман Ә, 65кг, Назар З, +65кг Өсеров М;
Жасөспірім ұлдар арасында 50кг Әлеухан Ы, 55кг Маманияз Ж, 60кг Әбсаттар Н, 65кг Мелдебек Б, 70кг Дженбаев Ж, +70кг Ибрагим Ә;
Жас-жеткіншек қыздар арасында 40кг Зиядулла А, 50кг Ақберген А, 55кг Рысбек Н, +55кг Ашімбаева М;
Жасөсіпірім қыздар арасында 65кг Элмұрат Ұ, +65кг Тазабек Ұ барлық қарсыластарын жеңіп жеңімпаз атанды.