МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ САЛАСЫНДАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Мәдениет пен спорт жас ұрпақтың да ересектің де бойында адамгершілік қасиеттер мен ұлттық рухани сананы оятып, қалыптастырады. Әр адамның сана-сезіміне, адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына, денсаулығының мықты болуына ғана ықпал етіп қоймай мәдениет пен спорт мемлекеттің дүниежүзіндегі өзге елдер алдындағы абырой-беделін көтеріп, ұлттық мәдениеті мен спорттық ойындарын насихаттаушы да. Мәдениет майталмандары әлемдік сахналарда өнерімізді өрлетіп, ал спорт саңлақтары көк туымызды байрақты жарыстарда желбіретіп Қазақстанды жаөанға танытуда. Сондықтан да бұл салаларға көңіл бөлініп, дамытып отыру мемлекеттік қажеттілік.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде мәдениет және спорт салаларын дамыту жолдары, өзекті мәселелері талқыланды. Өңір басшысы аталған басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты жүйелеуді және жандандыруды тапсырды.
– Мәдениет және спорт – елдің еңсесін көтеріп, сана-сезімін өзгертіп, қоғамға әсер ететін салалар. Мәдениет мекемелерінің жұмысын жандандырып, қазақтың өнерін, мәдениетін, салт-дәстүрін жас өскіннің бойына сіңіру керек. Облыс аумағындағы мәдениет және спорт нысандарының бірінші кезекте қажеттілігін анықтау бойынша бекітілген критерийге сәйкес 3 жылдық кешенді жоспарды қайта бекітуді тапсырамын. Облыстағы білім, мәдениет, денсаулық сақтау және тағы басқа әлеуметтік нысандарға типтік жобалау-сметалық құжаттамасы қажет. Аймақта өтетін концерттік бағдарламаларды облыстың имиджін көтеретін креативті идеялармен толықтырып, алдағы Наурыз мерекесін Түркістан қаласында және аудан, қалаларда жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет. Өңірдегі спорт мекемелерінің ғимараттарының мәселесін шешу үшін нақты ұсыныс енгізіп, жұмысты жүйелеңіздер, – деген Нұралхан Көшеров аталған сала басшыларына сын-ескертпе айтып, нақты міндеттер жүктеді.
Мәжілісте Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев пен Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Алмасбек Нақыпбековтың есебі тыңдалды.
Жуырда аудан, қалалардағы мәдениет нысандары құрылысының 3 жылдық жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес 2025-2027 жылдар аралығында 30 мәдениет нысанының құрылысы жүргізіледі деп күтілуде. Мәдениет нысандарына мониторинг жүргізіліп, тиісті ұсыныстар енгізілген. Облыстағы кәсіби 3 театрда биылғы жылы 15 жаңа қойылым қойылмақ. Облыс аумағында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын байқаулар мен фестивальдердің өту форматтары жаңаша бағытта жоспарлануда. Республикалық «Түркістан дауысы» байқауы, халықаралық «Voice of Turan» фестивалі, «Күй құдіреті» республикалық күйшілер байқауы, термешілердің «Түркістан мақамдары» республикалық байқауы, «Turkistar» балалар шығармашылық фестивалі және өзге де маңызды мәдени-рухани іс-шаралар өтеді.
Облыс әкімінің тапсырмасымен аймақта спорт нысандарының қажеттілігіне мониторинг жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 108 спорт кешенін салу және 48 ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екені анықталды. Бүгінгі таңда облыс аумағында 3540 спорт нысаны тіркелген. Оның 2577-сі білім беру мекемелерінде болса, әкімдік теңгерімінде 543 нысан бар. 270 нысан жеке меншікте, ал 150 нысан спорт мекемелерінің меншігінде. Басқармаға бағынысты және қала, аудан әкімдіктеріне қарасты 100 спорттық ұйым қызмет атқаруда. Жөндеуді қажет ететін спорт нысандарына да жыл сайын кезең-кезеңімен қаржы бөлінуде. Дәлірек айтқанда, биыл 14 ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Спорт нысандарына қажеттілікті азайту мақсатында 2025 жылы 51 спорт нысанның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
Түркістанда Сидней олимпиадасының чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Бекзат Саттархановтың 45 жылдығына арналған 2009-2010 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы республикалық ашық бокс турнирі басталды.
Жарыстың ашылу салтанатына Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, Бекзат Саттархановтың алғашқы бапкері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, еңбек сіңірген жаттықтырушы Нұрлан Жұмабаев пен анасы Сырлыгүл Шойбекова және спорт жанашырлары мен жасөспірімдер қатысты.
Турнирдің ашылуында арнайы ҚР Ұлттық ұлан 6506 әскери оркестрінің сүйемелдеуімен Мемлекеттік Әнұран орындалып, «Сенім мен жеңіс» атты көрініс ұсынылды. Онда Бекзаттың спорттағы жолы мен Олимпиададағы тарихи жеңісі бейнеленді.
Турнирге қатысушылар үшін бұл дода – тек жарыс қана емес, чемпион Бекзаттың рухына тағзым етіп, оның жолын жалғауға ұмтылыс.
Жарысқа 14 салмақ бойынша еліміздің 15 облысынан, Қырғызстан мен Өзбекстаннан 250 боксшы қатысуда. Жарыстың финалы 13 ақпан күні Б.Саттарханов спорт кешенінде өтеді.