Түлкібастың төріндегі наурыз тойына еуропалық туристер қатысты

0
26
Түлкібастағы «Жанкент» саябағында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті. Мерекелік іс-шара аудан тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлады.Салтанатты жиынға аудан әкімі Асқар Естібаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Серғали Сәрсембаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәтбай Қасымбеков арнайы қатысып, аудан тұрғындары мен қонақтарын құттықтады.
Қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген мерекеге 5 мыңнан астам аудан тұрғыны мен қонақтары қатысып, 20 қазан палау дайындалып 2 мыңнан аса азаматқа ауызашар берілді.
✔️Қошқар көтеру, қол күрес, қазақша күрес, арқан тартыс, гір тасын көтеру сынды ұлттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылып, тұсау кесу, жарамазан айту дәстүрі дәріптелді. Ұлттық аспабымыз домбыраны ұлықтау мақсатында 500-ге жуық мектеп оқушысы күй тартты.
✔️Ұлттық мереке концерттік бағдарламаға ұласып, Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияның ұжымы мен аудан өңерпаздары мерекелік кештің сәнін ашып, ҚР мәдениет қайраткерлері Айжан Тәженова, Хадиша Сейітовалар бастаған күміс көмей әншілер, аудан мақтанышы «Арша» квартеті өз өнерлерін ортаға салып, көпшіліктің қошеметіне ие болды. Қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесі ұйымдастырылып, келушілер қазақ халқының және онда тұратын этнос өкілдерінің бай мәдениетімен танысты.
✔️Мерекелік шараға Еуропа елдерінен келген туристер қатысып, аудан жұртшылығы айтулы мейраммен құттықтады. Солардың қатарында Германия елінен келген туристер «осынау мәдениеті бай халықтың салт-дәстүрін көріп-білу біз үшін үлкен қуаныш» деді.
Жиын соңынан жиналған қауым арнайы дайындалған дастарқанға жайғасып, ауданның бас имамы Кәрім Байболов ата-баба әруғына құран бағыштап, ақсақалдар ақ батасын берді.
Мейрам халықтық серуенге ұласты.