Бүгін Астанада «Орталық Азия-Қытай» екінші саммиті өтеді

0
9

Саммитке өңірдің мемлекет басшылары мен Қазақстанға сапармен келген Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин қатысады деп күтілуде.
Шарада өңірлік ынтымақтастықты нығайту, саяси диалогты кеңейту, сауда-экономикалық байланыстарды тереңдету, көліктік-транзиттік интеграцияны дамыту, энергетика, инновациялар мен тұрақты даму мәселелері талқыланады.

Аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, трансұлттық қауіп-қатерлерге қарсы тұру жөніндегі бірлескен күш-жігерді үйлестіру, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық алмасуды ілгерілету мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады.

Саммит қорытындысы бойынша Астана декларациясы мен Мәңгілік достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қою жоспарлануда. Бұл құжаттар тараптардың өзара құрмет, сенім және ортақ жауапкершілік қағидаттарына негізделген жан-жақты серіктестікті одан әрі тереңдетуге ұмтылысын біріктіреді.

Еске салайық, бірінші Орталық Азия-Қытай саммиті 2023 жылы 19 мамырда Қытайдың Сиань қаласында өткен болатын. Оған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, өз сөзінде Орталық Азия өңірі елдері мен Қытай арасындағы болашақ өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын белгілеп, бірқатар бастамаларды алға тартты.