Қазақстан мен Мажарстан цифрландыру және ғарыштық технологиялар саласындағы ынтымақтастығын кеңейтуде

0
43

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Алибек Қуантыров «4iG Plc.» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, халықаралық іскерлік байланыстарды дамыту мәселелері жөніндегі Мажарстанның Елшісі Геллерт Ясаймен және Мажарстанның Қазақстандағы Елшісі Отто Иван Ронамен кездесу өткізді.

Келіссөздер барысында цифрландыру, телекоммуникация, спутниктік технологиялар және геокеңістіктік сервистер салаларындағы бірлескен жобаларға баса назар аудара отырып, қазақ-мажар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды.

А.Қуантыров «4iG Plc.» компаниясының озық технологиялық шешімдерін Қазақстан экономикасын цифрландыру және елдің ғарыштық әлеуетін игеру саласындағы стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін қолданудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Қазақстан технологиялық инвесторларды тартуға және ғылымды қажет ететін өндірістерді дамытуға мүдделі. «4iG Plc.» компаниясымен ынтымақтастықтың әлеуеті ғарыштық бағдарламалар аясында да, сондай-ақ телекоммуникация мен ІТ салаларындағы озық шешімдерді трансферлеу арқылы да жүзеге асырылады деп сенемін», – деді ол.

Г.Ясай компанияның спутниктік технологиялар мен геокеңістіктік сервистер саласында қазақстандық серіктестермен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Ол «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-мен меморандумға қол қойылуы стратегиялық серіктестікті нығайтуға маңызды қадам екенін және цифрландыру мен ғарыш саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

«4iG Plc.» компаниясы делегациясының сапары барысында профильді мемлекеттік органдар өкілдерімен де кездесулер өткізілді, олардың аясында технологиялық саладағы іс жүзіндегі өзара әрекеттесу перспективалары мен бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, 2025 жылғы 24 шілдеде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Мажарстанның Қазақстандағы Елшісі Отто Иван Ронамен кездесу өткізді.

Сұхбат барысында тараптар қазақ-мажар ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылап, саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге, көлік, білім беру және мәдениет салаларындағы өзара іс-қимылды жандандыруға, сондай-ақ екіжақты сапарлар аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды практикалық тұрғыдан жүзеге асыру мәселелеріне баса назар аударды.

А.Исетов Қазақстанның Еуропалық одақтағы жақын әрі сенімді әріптесі Мажарстанмен стратегиялық серіктестікті шынайы бағалайтынын атап өтті. «Астана мен Будапешт арасындағы өзара сенімге негізделген саяси диалогтың жоғары деңгейі – екіжақты қатынастардың айрықша белгісі. Екі ел халқын ортақ тарихи және мәдени тамырлар байланыстырады» – деп мәлімдеді қазақ дипломаты.

Кездесуде алдағы жоғары деңгейдегі екіжақты іс-шараларға дайындық мәселелеріне басым көңіл бөлінді.

Кездесу соңында Министрдің орынбасары Елшіге екіжақты байланыстарды дамыту жолындағы белсенді жұмысы үшін алғыс білдіріп, ынтымақтастықтың одан әрі нығая беретініне сенім білдірді.

«4iG Plc.» компаниясы – Мажарстандағы ірі холдингтердің бірі, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, телекоммуникациялар және ғарыштық технологиялар саласында қызмет атқарады, оның құрамында 8 мыңнан астам қызметкер және 28 еншілес кәсіпорын бар. Компания цифрландыру және спутниктік байланыс саласында ауқымды жобаларды белсенді жүзеге асырып, Мажарстанның негізгі телекоммуникациялық активтерін «One» бренді аясында біріктіреді. 2023 жылы «4iG Plc.» компаниясы даму жетістіктері үшін Будапешт қор биржасының марапатына ие болды, ал 2025 жылы елдегі алғашқы ғарыштық технологиялар өндіріс орталығының құрылысы басталды.