
Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғаннан бергі сыртқы саясаты елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, экономикалық даму мақсаттарына жетуге және халықаралық аренада беделін нығайтуға бағытталды.
Жылдам өзгеріп жатқан геосаяси ахуал жағдайында Қазақстан Республикасы прагматикалық, көпвекторлы және белсенді сыртқы саясатты жалғастырып жүргізуде. Елдің дипломатиялық қызметінің басым бағыттары мен мақсаттарын айқындайтын негізгі стратегиялық құжаттардың бірі – Қазақстан Республикасының 2020–2030 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасы. Бұл құжат алдыңғы онжылдықтардағы сыртқы саясаттың заңды жалғасы бола отырып, қазіргі заманның жаңа сын-қатерлері мен мүмкіндіктеріне жауап ретінде қабылданды.
Қазақстанның сыртқы саясатындағы алғашқы құжат – 1992 жылғы сыртқы саясат тұжырымдамасы. Ол кезде басты мақсат – халықаралық қауымдастықта мемлекеттің заңды тұлға ретінде танылуы және шекараларды анықтау болды.
2000 жылдары Қазақстан көпвекторлы саясат ұстанымын белсенді жүргізе бастады. Бұл саясат елдің Ресеймен, Қытаймен, АҚШ-пен, ЕО елдерімен, мұсылман және түркі мемлекеттерімен тепе-тең, теңгерімді қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік берді.
2014 жылғы сыртқы саясат тұжырымдамасы өңірлік қауіпсіздікке, интеграциялық үдерістерге және экономикалық дипломатияға басымдық берді.
2020 жылы қабылданған жаңа сыртқы саясат тұжырымдамасы елдің 2030 жылға дейінгі ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарын айқындайды.
Қазіргі халықаралық қатынастар жүйесі күрделі өзгеріске ұшырауда, оның басты белгілері:
сенім дағдарысы және қақтығыстылықтың артуы, оның ішінде қауіпсіздік пен диалог бойынша көпжақты институттар функционалдығының төмендеуі, алдын алу дипломатиясы және дауларды реттеу тетіктері тиімділігінің төмендігі салдарынан болуы;
халықаралық құқықтың негіз қалаушы қағидаттардың бұзылуы, әлемдік деңгейде екі негізгі үрдістің – жаһандану мен ұлтшылдықтың бетпе-бет келуі, бұл шағын және орта мемлекеттерге елеулі қауіп төндіреді;
қауіпсіздікке төнетін терроризм, экстремизм, жаппай қарулану, оның ішінде зымырандық, ядролық және ғарыштық қару, климаттың өзгеруі және т.б. сияқты дәстүрлі сын-тегеуріндер мен қатерлердің өршуі;
геосаясат пен геоэкономикаға әсер етуші, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамуымен, гибридтік және киберсоғыстар құбылысымен байланысты жаңа факторлардың пайда болуы;
жаһанданудың және халықаралық сауда жүйесінің заманауи үлгісінің эрозиясы, елдер мен өңірлер арасындағы экономикалық және технологиялық дамудағы алшақтықтың ұлғаюы, жаһандық қаржы жүйесінің осалдығы, сауда және валюталық соғыстардың күшеюі, санкциялық текетірес болып табылады.
Осыған байланысты әлемдік қоғамдастық халықаралық қатынастардың барынша орнықты жүйесін құру қажеттігін түсінуде, оған мынадай факторлар дәлел болуда:
елдер мен өңірлердің өзара тәуелділігінің өсуі;
жаһандық және өңірлік мәселелерді шешудің, заманауи сын-тегеуріндерді бірлесіп еңсеру жолдарын іздеудің жинақталған тәжірибесі;
жетекші мемлекеттер мен әскери-саяси блоктардың арасында ашық идеологиялық текетірестің болмауы;
нарық экономикасына балама жоқ екендігін түсіну.
Аталған факторлар Қазақстанның сыртқы саясат саласындағы тұжырымдамалық және практикалық тәсілдерге елеулі әсерін тигізуде.
Біздің еліміз тәуелсіздік жылдары халықаралық аренада ұстанымын нығайтып, бейбітшіл және ашық мемлекет, жаһандық және өңірлік істерде сенімді әріптес ретінде орнықты. Қазақстан көпвекторлы, сындарлы және белсенді сыртқы саясатты жүзеге асыруда, қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму салаларында жаһандық және өңірлік күн тәртібін қалыптастыру мен іске асыруда елеулі үлес қосуда. Бұл ретте ұлттық мүдделерді барынша және мызғымастықпен қорғауға, сыртқы саяси және сыртқы экономикалық басымдықтарды сындарлы түрде ілгерілетуге басты назар аударылады.
Сонымен қатар Қазақстанның мемлекеттік дамудың жаңа кезеңіне шығуы және жаңа экономикалық бағыттың қалыптасуы Қазақстанның сыртқы саясатын жаңа болмыс пен сын-қатерлерге алып келеді.
Біріншіден, саяси және экономикалық ықпал, халықаралық нарықтар мен инвестициялық ағындар үшін мемлекетаралық бәсекелестіктің күшеюі аясында Қазақстан өзіне әлемдік қоғамдастықтың жауапты мүшесі, Еуразия құрлығының геосаяси және геоэкономикалық орналасу жүйесінің негізгі элементі, Орталық Азия өңіріндегі көшбасшы мемлекет мәртебесін бекітуі тиіс.
Екіншіден, жаһандық және өңірлік ахуалдың қарқынды өзгеруі жағдайында ел мен әлем үшін нақты нәтижелерге қол жеткізу мақсатында прагматизм, жүйелі талдау негізінде Қазақстанның халықаралық бастамаларын барынша тиімді және жүйелі ілгерілетуді қамтамасыз ету маңызды.
Үшіншіден, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес және әлемдегі дамыған отыз мемлекет қатарына кіру бойынша стратегиялық міндетті ескере отырып, сыртқы периметрде мемлекеттің, бизнестің, әрбір азаматтың мүдделерін ілгерілету мен қорғауға назар аударуды күшейту қажет. Бұл қуатты, халықаралық қарым-қатынастардың қазіргі жүйесімен тығыз байланысқан үйлесімді және әлеуметтік жауапты мемлекет құрудың негізгі шарты болып табылады.
Сыртқы саяси ой-пікірлер мен дипломатиялық құралдар жүйесін ұзақ мерзімді талаптарға сәйкес келтіру қажеттігі осы құжатты қабылдаудың орындылығын айқындайды.
Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді және орнықты даму стратегиясында, «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарында және Президенттің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларында көрсетілген мақсаттар мен міндеттерді ескере отырып әзірленген.
Тұжырымдаманың мақсаттары мен міндеттері
2020–2030 жылдарға арналған сыртқы саясаттың басты мақсаты – Қазақстанның халықаралық аренадағы ұлттық мүдделерін қорғау, мемлекеттік егемендікті нығайту, сондай-ақ қауіпсіздікті, экономикалық тұрақтылықты және елдің халықаралық беделін арттыру болып табылады.
Басты міндеттері:
- Негізгі серіктестермен достық және стратегиялық қатынастарды сақтау және нығайту;
- БҰҰ, ИЫҰ, ЕАЭО, ШЫҰ, Түркі кеңесі секілді ұйымдар аясында көпжақты дипломатияны дамыту;
- Тұрақты даму мен экономикалық жаңғыртуға ықпал ету;
- Шетелдегі қазақстандық азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау;
- Аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысу.
Сыртқы саясаттың қағидаттары
Көпвекторлылық – Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропалық Одақ, ислам және түркі әлемі мемлекеттерімен теңгерімді қарым-қатынастар орнату.
Ашықтық және прагматизм – сыртқы саясат идеологиялық емес, нақты ұлттық мүдделерге негізделеді.
Әскери блоктарға қатыспау – Қазақстан бейбітсүйгіш мемлекет ретінде әскери одақтарға қатысудан бас тартады.
Қақтығыстардың алдын алу және делдалдық – ел бітімгершілік бастамаларды ілгерілетіп келеді (мысалы, Сирия мәселесі бойынша Астана процесі).
Аймақтық және жаһандық басымдықтар
- Орталық Азия
Қазақстан Орталық Азияда өңірлік ынтымақтастықты нығайтуды көздейді. Су ресурстары, Арал теңізінің экожүйесі, шекаралық қауіпсіздік пен гуманитарлық байланыстар – басты назарда.
- Ресей
Ресей Федерациясы – Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктесі. Ынтымақтастық ЕАЭО, ҰҚШҰ, ТМД аясында, сондай-ақ екіжақты форматта энергетика, көлік, гуманитарлық және қорғаныс салаларын қамтиды.
- Қытай
«Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында сауда, инфрақұрылым және көлік жобалары арқылы экономикалық интеграция тереңдеп келеді.
- Еуропалық Одақ және АҚШ
ЕО-мен Кеңейтілген әріптестік туралы келісім аясында қарым-қатынас дамуда. АҚШ-пен инвестиция, қауіпсіздік және білім беру салаларындағы серіктестік те маңызды рөл атқарады.
- Түркі әлемі және ислам елдері
Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымы мен ИЫҰ аясында мәдени, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуда.
Сыртқы саясат тұжырымдамасында экономикалық дипломатияға ерекше мән беріледі. Қазақстан:
- Шетелдік инвестицияларды тартуға;
- Экспорт көлемін ұлғайтуға;
- Халықаралық көлік-логистика желілеріне қосылуға ұмтылады.
Сонымен қатар, тұжырымдамада экономикалық дипломатия саласындағы басымдықтар да нақты айқындалған. Олардың қатарында:
— ұлттық экономиканың құрылымдық трансформациясы үдерісіне, оның ішінде индустрияландыру бағдарламаларын жүзеге асыру және «қарапайым заттар экономикасын» дамытуға халықаралық ресурстар мен әлеуетті тарту;
— экономиканың базалық салаларына сапалы шетелдік инвестицияларды тарту үшін халықаралық ынтымақтастықты кеңейту: машина және құрал жасау, агроөнеркәсіптік кешен, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдарын өндіру, тау-кен өндіру өнеркәсібі, көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, туризм, мұнай-газ химиясы және мұнай өңдеу, мұнай сервисі саласы, агрохимия өнеркәсібі, түсті металлургия;
— инновациялық және индустриялық үдерістің маңызды бөлігі ретінде Қазақстанға озық шетелдік технологияларды трансферлеуге жәрдемдесу. Жаңа жоғары технологиялық салаларда халықаралық әріптестікті, оның ішінде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында, «жасанды интеллект», «үлкен деректер» секторларын және басқа іргелес бағыттарды дамыту тұрғысынан ашық юрисдикция ретінде Қазақстан брендін ілгерілету;
— су, жер, биологиялық және басқа да ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында «Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі бойынша тұжырымдаманы» іске асыру үшін қолайлы сыртқы жағдайларды қамтамасыз ету;
— Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілетті салаларының халықаралық және өңірлік өндіріс тізбелеріне интеграциялануына жәрдемдесу;
— қазақстандық инвесторлар мен тауар өндірушілерге шетелдік нарықтарда жобаларды іске асыруда қолдау көрсету, басқа елдердің мемлекеттік органдары тарапынан оларды кемсітушілікке жол бермеу;
— ұлттық, ең алдымен, шикізаттық емес экспорттың тізімдемесін, көлемін және географиясын, оның ішінде әзірленіп жатқан «2025 жылға дейінгі сауда саясатының мемлекеттік бағдарламасының» және оның кейінгі редакцияларының басымдықтарын ескере отырып, кеңейтуге жәрдемдесу. Сапаның халықаралық стандарттарын әзірлеу мен енгізуге қатысу, қазақстандық тауарлар мен қызметтердің экспортына бөгет жасайтын тарифтік, тарифтік емес және қорғау шараларын алып тастауға жәрдемдесу қарастырылған.
Шетел транзиттік бағыттары мен шекаралық аймақтардан өту мәселесі де тұжырымдамада орын тапқан. Мысалы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының әлеуетіне, «ашық аспан» режимін енгізуге және шетелдік әріптестердің инфрақұрылымдық бастамаларына сүйене отырып, Қазақстанды Шығыс – Батыс және Солтүстік – Оңтүстік магистралдық жолдарындағы трансконтиненталдық транзиттік-логистикалық хабқа айналдыру және өңірлік және жергілікті деңгейде, оның ішінде Қазақстан және Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының, «Орталық Азия» сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығының негізінде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселесі тұжырымдамада бар.
Өңірлік және жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға мәселесінде — энергия ресурстарын өндіруші, транзит және тұтынушы елдер мүдделерінің теңгеріміне қол жеткізуге, оларды экспорттаудың әртараптандырылған, тұрақты және қауіпсіз бағыттарын құруға жәрдемдесу Қазақстанның сыртқы саясатының бағыты ретінде көрсетілген.
Жаһандық қаржылық экожүйеге одан әрі интеграциялануы мақсатында «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңын ілгерілету, Қазақстанның тауар биржаларын басқаруға ірі шетелдік компанияларды тарту, Дүниежүзілік сауда ұйымының қағидаттары негізінде халықаралық сауда жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне жәрдемдесу, өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша халықаралық күш-жігерге, оның ішінде Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының әлеуетін пайдалану арқылы қатысу да тұжырымдамада көрсетілген.
Сондай-ақ, ел БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) – экология, су ресурстары, гендерлік теңдік және білім беру салаларында – сыртқы саясат арқылы ілгерілетіп отыр.
Халықаралық қауіпсіздік және антиядролық ұстаным
Қазақстан әлемдегі ядролық қарудан азат болуға шақыратын елдердің көшбасшысы ретінде қалыптасты. Ел МАГАТЭ-мен ынтымақтаса отырып, жаһандық қарусыздануға қолдау білдіреді және әскери қақтығыстарды дипломатиялық жолмен шешуге күш салады.
Азаматтардың рөлі және шетелдегі диаспора
2020–2030 жылдарға арналған тұжырымдамада шетелдегі қазақстандық азаматтардың құқықтарын қорғауға баса назар аударылған. Қазақстан диаспорасын қолдау, мәдени дипломатияны дамыту, шетелдегі елшіліктердің желісін кеңейту және консулдық қызметтерді цифрландыру – «жұмсақ күш» құралдары ретінде қарастырылады.
Сыртқы саясатты іске асыру құралдары
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Президент елдің сыртқы саясатының негiзгi бағыттарын айқындайды және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкiлдiк етеді.
Парламент еліміздің ең жоғары өкілді органы бола отырып, өзінің конституциялық өкілеттіктері шеңберінде халықаралық шарттарды ратификациялау, олардың күшін жою бойынша заңнамалық жұмыс жүргізеді.
Сыртқы саясат саласында уәкілетті орган болып табылатын Сыртқы істер министрлігі (СІМ) сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеуді және Мемлекет басшысының халықаралық бастамаларын іске асыруды жүзеге асырады, сондай-ақ Президентке және Үкіметке тиісті ұсыныстар береді, орталық атқарушы органдардың шет мемлекеттер, мемлекетаралық бірлестіктер және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастарындағы іс-қимылды үйлестіруді жүзеге асырады.
Атқарушы органдар жүйесін басқаратын Үкімет шет мемлекеттермен, халықаралық және өңірлік ұйымдармен өзара қарым-қатынастардың дамуын қамтамасыз етеді, сыртқы экономикалық саясатты іске асыру, сыртқы саяси іс-шараларды қаржыландыру бойынша шараларды әзірлейді.
Мемлекеттік органдар тұрақты негізде, өз құзыреті шеңберінде және СІМ-нің үйлестіруімен, елдің халықаралық шарттары мен міндеттемелерін орындау бойынша жұмысты жүзеге асырады, сыртқы саясат саласында тактикалық тәсілдерді және нақты ұсыныстарды әзірлейді. Мемлекеттік органдардың сыртқы саяси салдарларға әкелуі ықтимал ішкі сипаттағы шешімдер қабылдауы СІМ-мен міндетті түрде келіседі.
СІМ басқаратын Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері дипломатиялық қызметтің бірыңғай жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Олардың қызметі аккредиттеу елдерінде, мемлекетаралық бірлестіктерде немесе халықаралық ұйымдарда Қазақстанның ұлттық мүдделерін, оның азаматтары мен заңды тұлғаларын қорғауға және ілгерілетуге бағытталған.
Шет мемлекеттермен сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиялар (комитеттер, кеңестер, форумдар) Қазақстанның мүдделерін ілгерілетудің, бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылының, екі жақтың мүддесіне сәйкес келетін міндеттерді шетелдік әріптестермен бірлесіп шешудің негізгі құралы болып табылады.
Халықаралық шарттардан және үкіметаралық комиссиялардың (комитеттер, кеңестер, форумдар) шешімдерінен туындайтын уағдаластықтар мен міндеттемелерді жүзеге асыру бойынша бағдарламалар мен жоспарлар әзірленуде.
Сыртқы саясат және сыртқы экономикалық ынтымақтастық саласындағы нақты басымдықтарды іске асыру мақсатында ведомствоаралық комиссиялар мен жұмыс топтары құрылады.
СІМ қызметінің мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды, қоғамды хабардар ету және қоғамдық сараптама жүргізуді қамтамасыз етеді.
Күтілетін нәтижелер
Қазақстанның сыртқы саясатының доктриналық негіздерінің болжамдылығын арттыру мақсатында Тұжырымдаманың қолданыс мерзімі 10 жылға дейін ұзартылды. Тұжырымдаманы іске асыру жоспарлары Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіледі және екі жылда бір рет жаңартылады.
Тұжырымдаманы іске асыру:
1) сыртқы саяси сабақтастық стратегиясы аясында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін, оның халықаралық беделін нығайтуға;
2) ұлттық, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға;
3) қолайлы халықаралық орта қалыптастыруға, Қазақстанның әлемнің барлық мүдделі мемлекеттерімен және халықаралық ұйымдарымен достық, тең құқықтық және өзара тиімді саяси және экономикалық қатынастарын нығайтуға;
4) Қазақстанның халықаралық қоғамдастыққа және әлемдік шаруашылық байланыстарға интеграциялануының барынша жоғары деңгейіне, оның ішінде ұлттық экономиканы әртараптандыру және цифрландыру негізінде қол жеткізуге;
5) мәдени-гуманитарлық, ғылым, білім беру және басқа да аралас салаларда халықаралық ынтымақтастықтың қарқындатуға;
6) шет елдерде Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке және отбасылық мүдделерін, жеке және заңды тұлғалардың іскерлік мүдделерін қорғауды күшейтуге;
7) мемлекеттің сыртқы саясатының ұзақ мерзімді басымдықтары, практикалық қадамдары және нақты нәтижелері туралы қазақстандық қоғамдастықтың және шет елдердің хабардар болу деңгейін көтеруге;
8) қорытындысында – мемлекеттің, Қазақстанның ұлттық бизнесі мен халқының сыртқы саяси қызметтен нақты пайда табуына жәрдем етеді.
Қазақстан Республикасының 2020–2030 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасы – ұлттық мүдделерді қорғауға және жаһандық өзгерістер жағдайында елдің орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді стратегиялық құжат. Бұл тұжырымдама елдің бейбітсүйгіш, жауапты және тиімді сыртқы саясатын одан әрі дамытуға берік негіз қалайды.
Қазақстанның бейбітсүйгіш, көпвекторлы және прагматикалық саясаты әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланып келеді. Алдағы уақытта да бұл саясат ұлттық мүдде мен жаһандық тұрақтылықтың мызғымас кепілі болары сөзсіз.
