Швеция Украинаға АҚШ-тан қару сатып алу үшін 275 миллион доллар бөлді

Швеция қорғанысты қолдаудың жаңа пакеті аясында Украинаға 275 миллион доллар бөледі; қаражат АҚШ-тан қару сатып алуға жұмсалады,- деп 5 тамызда елдің Қорғаныс министрлігінің сайтында хабарланды.
Көмек пакетіне әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері, соның ішінде Patriot әуе қорғаныс жүйесіне арналған зымырандар, танкке қарсы қарулар, сондай-ақ оқ-дәрілер мен қосалқы бөлшектер кіреді.
«Біз АҚШ-тың Украинаға қару-жарақ, оның ішінде «Patriot» әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін қамтамасыз ету туралы шешімін және НАТО-ның бұл көмекті үйлестіруін құптаймыз», — делінген Швеция қорғаныс министрі Пул Йонссонның мәлімдемесінде.
Украинаға қару-жарақ жеткізудің жаңа бағдарламасына Дания да қосылып отыр. Елдің Қорғаныс министрлігінің сайтында Дания бастама бойынша бастапқы жеткізілімдерді қаржыландыруға шамамен 89,65 миллион доллар бөлетіні көрсетілген.
4 тамызда Нидерланды жаңа бастама бойынша Украинаға американдық қару-жарақпен 500 миллион еуроға жеткізілетін алғашқы НАТО елі болатынын хабарлады. Киевке Patriot әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесіне арналған қосалқы бөлшектер мен зымырандар жеткізілетіні атап өтілді.
НАТО бас хатшысы Марк Рютте шілденің 21-і күні еуропалық көшбасшыларды украиндық әскерилерді қамтамасыз ету үшін АҚШ-тан әскери техника сатып алуға шақырды. Солтүстік Атлантикалық альянстың көптеген мүшелері бұл ұсынысты жүзеге асыруға қазірдің өзінде мүдделі екені нақтыланды. Сонымен қатар, мәлімдемеде мұндай әрекеттерді НАТО үйлестіретіні атап өтілді.