Пәкістандағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 350-ден асты

0
135

Пәкістанның солтүстігінде нөсер жауын салдарынан болған су тасқынынан қаза тапқандар саны 351-ге жетті, деп хабарлайды Geo News. Басылымның жазуынша, табиғи апаттың салдары аймаққа кері әсерін тигізуде. Су тасқыны салдарынан Хайбер-Пахтунхва провинциясында 328, Гилгит-Балтистанда 12, Азад Кашмирде 11 адам қаза тапты.

Су тасқыны Бунер, Сват, Мансехра, Бажаур және Баттаграм сияқты аймақтардағы үйлерге, кәсіпорындарға және инфрақұрылымға үлкен зиян келтірді. Хайбер-Пахтунхва провинциясының бірнеше аймағы апат аймағы деп жарияланды.

Билік құрбандар санының артуы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірді. Олардың мәліметінше, Хайбер-Пахтунхва провинциясының 11 ауданында су тасқынынан 3817 адам зардап шекті. Елдің солтүстігінде толассыз жауын 21 тамызға дейін жалғасады деп күтілуде. Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф Хайбер-Пахтунхва провинциясының зардап шеккен аудандарына дәрі-дәрмек, азық-түлік және басқа да қажетті заттарды дереу жеткізуді бұйырды.
Түркия Сыртқы істер министрлігі Пәкістанның солтүстігінде жауған нөсер жаңбыр салдарынан болған су тасқыны кезінде адамдардың қаза болуына байланысты көңіл айтты.

«Пәкістандағы су тасқыны салдарынан адамдардың қаза болғанына қатты қайғырдық. Қайтыс болғандарға Алланың рақымын тілейміз, сондай-ақ Пәкістан халқына көңіл айтамыз», — делінген.