Германия үкіметі әскери қызметтің қайтарылуын мақұлдады

0
176

27 тамызда Германияның федералды үкіметі Қорғаныс министрлігінің ғимаратында апта сайынғы мәжіліс өткізді.  Кездесуге Еуропадағы одақтас күштердің Жоғарғы қолбасшысы Алексус Гринкевич те қатысты.

Үкімет отырысы толығымен қауіпсіздік тақырыбына арналып, бірінші кезекте әскери қызметтің жаңа үлгісін енгізу мәселесі қаралды. Жастарды әскери есепке алу жүйесін ол жойылғаннан кейін 14 жылдан кейін енгізетін заң жобасы мақұлданды (2011 жылдан бастап Германия толық кәсіби армияға көшкен болатын).
Германияда әскери қызмет әлі міндетті болып табылмайды, Заң жобасында Германия азаматтары 18 жасқа толғаннан кейін онлайн сауалнама алатындығы көрсетілген. Онда жастардың әскери қызметке деген қызығушылықтары, дене дайындығы мен қабілеттері сұралады. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап сауалнама жіберіледі; ерлер оны өтуі міндетті болса, ал әйелдер үшін бұл ерікті болады.

Әлеуетті әскерге қабылданушылар сауалнама нәтижелері бойынша анықталады. 2027 жылдың 1 шілдесінен бастап олар алты сағатқа созылатын әскери-дәрігерлік тексеруден өтуі тиіс. Сауалнамадан немесе емтиханнан жалтарғандарға айыппұл салынады. Жаңа ереже әскерге шақырылған адам 25 жасқа толғанға дейін күшінде болады. Осылайша бундесвер әскери қызметке шақырылуы мүмкін адамдар туралы мәліметтер базасын жасамақ.

Әскерге баруға шешім қабылдаған сарбаздар алты ай қызмет етеді. Еріктілер айына 2000 еуродан асатын жалақы алады. Сондай-ақ олар тіл курстарына қатыса алады, мансаптық көмек пен жүргізуші куәлігін алу үшін субсидия алады. Үкіметтің жоспары бойынша бұл жастарды тұрақты әскери қызметке тартуы керек. Германия 2035 жылға қарай бундесвер персоналының санын қазіргі 182 мыңнан 260 мыңға дейін ұлғайтуды және қазіргі 100 000 резервшілер санын екі есеге арттыруды көздеп отыр. Бұл көрсеткіштерге қол жеткізу Германияны Еуропадағы ең үлкен әскери күшке айналдырады.
Сондай-ақ негізгі армияны жаңғыртуды жалғастыру туралы шешім қабылданды. Алты айдан астам әскери борышын өтеген неміс әскерилері біліктілігін арттыру курстарынан өтеді. Қызмет көрсету бағдарламасына ұшқышсыз ұшуларды үйрету де енгізіледі. Қорғаныс министрі Борис Писториус неміс әскери қызметшілерінің жалақысы болашақта салықтан кейін айына 2300 еуроға дейін өсетініне сендірді. Сондай-ақ оларға өмір сүру шығындары мен медициналық сақтандыру үшін өтемақы төленеді.

Дегенмен, жаңа заң жобасы бірден әскерилердің сынына ұшырады. Германия қарулы күштері қауымдастығының төрағасы Андре Вюстнер әскери қызметтің ерікті сипатымен келіспейтінін бірден білдірді. Ол үкіметті осылайша армияны көбейтеміз деп үміттенгенін абайсыз деп атады. Вюстнер эксперимент нәтижелерін күтпеуге және 2027 жылдан бастап міндетті қызметті енгізуге шақырды.

Алайда, әскери қызметті қалпына келтіру неміс халқы арасында қолдау таппай отыр. Жүргізіген сауалнамалар деректеріне сәйкес, 35 жасқа дейінгі жастардың басым бөлігі әскерге шақыруға қарсы болса, 45 пайызы оны қолдайды. Аға ұрпақ арасында респонденттердің 70%-ы жастардың әскери қызмет өткеру идеясын қолдайтынын көрсеткен. Бұл ретте халықтың 69 пайызы өз елін қолына қару алып, қорғауға дайын еместігін айтса, 81 пайызы ол үшін өлу мүмкіндігін мүлдем жоққа шығарады.