Қазақстан «Жасанды интеллект» стандарттау жөніндегі мемлекетаралық техникалық комитетінің отырысына қатысты

0
66

2025 жылғы 28 тамызда Мәскеуде, Ресей ғылым академиясының Бүкілресейлік ғылыми-техникалық ақпарат институтының алаңында КС 164 стандарттау жөніндегі техникалық комитет пен МТК 566 стандарттау жөніндегі мемлекетаралық техникалық комитетінің «Жасанды интеллект» бірлескен отырысы өтті.

Іс-шараға Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасының өкілдері қатысты.

Құттықтау сөзімен Техникалық реттеу және метрология федералды қызметінің басшысы Антон Павлович Шалаев пен Ресей Федерациясы цифрлық даму, коммуникациялар және бұқаралық ақпарат құралдары министрінің орынбасары Александр Михайлович Шоитов сөз сөйледі.

Отырысқа ТМД Атқару комитеті атынан Экономикалық ынтымақтастық департаментінің Ғылыми-техникалық ынтымақтастық және инновациялар бөлімінің басшысы Тимур Тиллоевич Мансуров қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Ол өз сөзінде Росстандарттың 2024 жылғы 8 қазанда қабылданған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің құқықтық негіздерін дамытатын және халықаралық маңыздылығын көрсететін азаматтық мақсаттағы жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы мәлімдемені ескере отырып, МТК 566 «Жасанды интеллект» Мемлекетаралық техникалық комитетін құру туралы бастамасының және жасанды интеллект саласындағы әділ стандарттар мен талаптарды әзірлеу маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында TК 164/МТК 566 «Жасанды интеллект» төрағасы, Ресей ғылым академиясының Бүкілресейлік ғылыми-техникалық ақпарат институты директорының міндетін атқарушы Сергей Владимирович Гарбук жиналысқа қатысушыларды аталған техникалық комитеттердің стандарттау жөніндегі 2025 жылғы қызметінің нәтижелері және 2026 жылға жоспарлары туралы хабардар етті.

Кездесуге қатысушылар денсаулық сақтау, өнеркәсіп және жол-көлік кешені салаларындағы жасанды интеллект бойынша кіші комиссиялардың жұмысына қатысты мәселелерді де талқылады.

Анықтама:

МТК 566 «Жасанды интеллект» стандарттау жөніндегі мемлекетаралық техникалық комитет 2025 жылғы 23-24 маусымда өткен кеңес отырысында қабылданған Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық кеңестің шешімімен құрылды.

Қазақстан Республикасы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы МТК 566-ның толыққанды мүшелері. Әзірбайжан Республикасы бақылаушы болып табылады.

МТК 566 хатшылығының функциялары ғылыми-техникалық ақпаратпен мемлекетаралық алмасу бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің базалық ұйымы болып табылатын Ресей Ғылым академиясының Бүкілресейлік ғылыми-техникалық ақпарат институтына жүктелген.