Ресей мен Қытай екіжақты ынтымақтастық туралы 20-дан астам құжатқа қол қойды

0
58

Бейжіңдегі келіссөздердің қорытындысы бойынша Ресей мен Қытай ынтымақтастық туралы 20-дан астам екіжақты құжатқа қол қойды. Тараптар энергетика, аэроғарыш, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, инспекция және карантин, денсаулық сақтау, ғылыми зерттеулер, білім беру және БАҚ салаларындағы ынтымақтастық туралы 20-дан астам екіжақты құжатқа қол қойды.

Сонымен қатар, екі мемлекет басшылары өзара мүдделі халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасты.

Қытайда 15 қыркүйектен бастап қарапайым төлқұжаты бар Ресей азаматтары үшін 30 күнге дейін визасыз режим енгізілетіні белгілі болды. Бұл туралы 2 қыркүйекте ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзякунь мәлімдеді.

«2025 жылдың 15 қыркүйегінен 2026 жылдың 14 қыркүйегіне дейін қарапайым ресейлік төлқұжаттардың иелері үшін сынақтық визасыз режим жұмыс істейді», — деді ол брифинг барысында.

Го Цзякунь бұл шаралар Қытай және басқа елдер азаматтарының сапарларын одан әрі жеңілдету үшін енгізілгенін атап өтті.
Сонымен қатар, Ресей мен Қытай «Сібір қуаты 2» газ құбырын салу туралы меморандумға қол қойды. Ол Моңғолия арқылы өтіп, жылына 50 миллиард текше метрге дейін көгілдір отын жеткізе алады. Сондай-ақ Қытай бағытында қолданыстағы «Сібір қуаты» газ құбырының өткізу қабілетін арттыру туралы келісімге қол қойылды.
«Газпром» басқармасының төрағасы Алексей Миллер Қытайда Ресей президенті Владимир Путин, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин және Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух арасындағы келіссөздер нәтижесінде орын алған «Сібір қуаты 2» газ құбырының құрылысындағы серпіліс туралы айтты. Моңғолия, Союз-Восток арқылы өтетін транзиттік учаскемен бірге газ құбырын салу туралы заңдық күші бар меморандумға қол қойылды. Миллердің айтуынша, жаңа газ құбыры Ресейден Қытайға 50 миллиард текше метрге дейін табиғи газ жеткізуге мүмкіндік береді. Жеткізу 30 жыл бойы жүзеге асырылады.

Миллер сонымен қатар «Газпром» мен Қытай ұлттық мұнай корпорациясы (CNPC) арасындағы қолданыстағы «Сібір қуаты» газ құбыры арқылы жеткізуді жылына 38 миллиардтан 44 миллиард текше метрге дейін арттыру туралы келісімге тоқталды. Сахалин кен орындарын Қытаймен байланыстыратын Қиыр Шығыс бағытының (Сібір қуаты – 3 деп те аталады) жобалық қуаты да ұлғайтылады. Енді 10 миллиардтың орнына 12 миллиард текше метр болады.
Миллер Ресей газының Қытай үшін құнының әлі де талқыланатынын айтып, кен орнынан аз қашықтыққа байланысты оның еуропалық сатып алушыларға қарағанда төмен болатынын атап өтті. Ол сондай-ақ қазіргі уақытта Ресей мен Қытай арасындағы есеп айырысу рубльмен және юаньмен тең үлеспен жүргізіліп жатқанын айтты.
2024 жылдың соңындағы жағдай бойынша ресейлік құбыр газының жалпы экспорты 119 миллиард текше метрді құрап, бір жылда 15,6%-ға өсті. Сондай-ақ Ресей шет елдерге сұйытылған табиғи газды жеткізеді, жеткізу көлемі 2024 жылы 47,2 млрд текше метрді құраған.