Стамбулда наразылық шеруі өтті

0
76

Стамбулда 8 қыркүйекке қараған түні оппозициялық «Республикалық халық партиясы» жақтастарының наразылық шерулері өтіп, ол полициямен қақтығысқа ұласты. Жергілікті басшылықты ауыстыру туралы сот шешімінен кейін және полиция Стамбулдағы партияның бас кеңсесін жауып тастағаннан кейін тұрғындар көшеге шықты.

2 қыркүйекте қалалық сот 2023 жылғы аймақтық съезінің қорытындысын жойып, «Республикалық халық партиясы» Стамбул филиалының басшысы Озгур Челикті қызметінен алып, орнына уақытша әкімшілік тағайындаған болатын. Партия басшылығы уақытша Гюрсель Текинге берілді.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, тәртіпсіздіктер кезінде Стамбул билігі қаланың орталық аудандарында қоғамдық іс-шараларды өткізуге үш күндік тыйым салды. Сонымен қатар Түркияда барлық дерлік әлеуметтік желілер бұғатталды: Telegram, YouTube, WhatsApp, Instagram және Facebook. Сондай-ақ интернеттің шектелгені туралы да ақпарат бар.
Түркияның Әділет министрі Йылмаз Тунч қаладағы жаппай наразылықтарға қатысты тергеу басталғанын хабарлады. «Стамбул бас прокуратурасы «Республикалық халық партиясының» аймақтық кеңсесінің алдында болған оқиғаларды, соның ішінде әлеуметтік желілерде арандатушылық сипаттағы жазбаларды таратқандарға қатысты тергеуді бастады», — деп хабарлайды Hurriyet басылымы министрдің сөзін.

Жалпы, соңғы кездері Түркияда митинг өткізу әдеттегі жағдайға айналды. Наурыз айында президент Режеп Тайып Ердоғанның басты қарсыласына қарсы қылмыстық іс қозғалған кезде де наразылықтар басталды. Ол кезде Стамбул мэрі Экрем Имамоглу, оның баспасөз хатшысы Мурат Онгун және қалалық әкімдіктің 100-ге жуық қызметкері ұсталған болатын. Имамоглуға пара алды және Түркияда террорист деп танылған Күрдістан жұмысшы партиясымен байланысы бар деген айып тағылды. Нәтижесінде, бірқатар ақпарат құралдарының хабарлауынша, 23 наурызға қараған түні Стамбул көшелеріне жарты миллионнан астам адам шықты.Шілде айында Экрем Имамоглу бір жыл сегіз айға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар, дәл осы уақытта түрік полицейлері үш ірі қаланың – Адана, Анталия және Адияманның әкімдерін ұстады. Олардың да басқармалардағы жемқорлық ісіне қатысы бар делінген. Жалпы, БАҚ 2025 жылдың наурыз айынан бері «Республикалық халық партиясы»өз мүшелері мен жергілікті басшыларға қатысты осыған ұқсас баптар бойынша жаппай қылмыстық істерге тап болғанын хабарлайды. Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық істеріне қатысы бар «Республикалық халық партиясы» мүшелері мен жақтастарының саны 350-ден асады, олардың 100-ден астамы қамауда отыр.

«Билік мұны оппозициялық партияның жаңа басшысын тағайындау үшін емес, оның ішінде келесі сайлауға біртұтас құрылым ретінде қатыса алмау үшін қайшылық тудыру үшін жасады», — дейді түрік саясаттанушысы Икбал Дурре.