Еуразиялық экономикалық одақ пен Үндістан қараша айында еркін сауда аймағын құру туралы келіссөздерді бастайды

0
75

Үндістан мен Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) арасындағы еркін сауда аймағын құру жөніндегі келіссөздердің бірінші раунды қараша айының басында Нью-Делиде өтеді деп жоспарланған. Тараптар болашақ серіктестіктің негізгі шарттарын талқылайды. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) сауда блогы хабарлады.

Тиісті келісімге ЕЭК Сауда министрі Андрей Слепнев пен Үндістанның Сауда және өнеркәсіп министрі Пиюш Гоялдың кездесуінде қол жеткізілді. Тараптар келіссөздер үдерісін жеделдету үшін жол картасын да бекітті.

«Әрине, Үндістан — біздің Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің ең маңызды элементі, отандық өндірісті дамытудың бірдей принциптерін ұстанатын логикалық сауда серіктесіміз», — деді Слепнев.
Оның айтуынша, тарифтік емес шараларды жеңілдету, саудадағы түрлі кедергілерді жою, бірлескен жұмыстың көптеген бағыттарын дамыту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта халықаралық сауда бастан кешіп жатқан трансформация кезеңінде мұндай қадамның салдарын объективті түрде қарастыру және есептеу қиын, деп санайды Слепнев.
Бұған дейін Ресейдің Үндістандағы сауда өкілі Андрей Соболев Үндістан-ЕАЭО еркін сауда келісімі бойынша келіссөздер биыл басталатынын мәлімдеген.
Жалпы, ЕЭК Министрі атап өткендей, ЕАЭО-ның Вьетнам, Сербия, Сингапурмен еркін сауда туралы келісімдері бар, ал Иранмен келісім 15 мамырда күшіне енді.
Жыл соңына дейін Индонезиямен келісімге қол қоюға толық мүмкіндік бар. Егер бұл тізімге Үндістанды әлеуетті түрде қосатын болсақ, онда ЕАЭО-мен осы елдердің қосындысы 2 миллиардтан астам халқы бар және ішкі жалпы өнімі 7,8 триллион доллардан асатын нарықты құрайды. Бірақ біз бұл мемлекеттердің нарығына ЕАЭО елдері ғана емес, бұл мемлекеттер де одақ нарығына қол жеткізетінін түсінуіміз керек, — деді Слепнев.
«Сондықтан өнеркәсіптік, агроөнеркәсіптік және корпоративтік саясатты шындап жетілдіру қажет. Әрине, отандық өндіріс пен өнеркәсіптік кооперацияны ынталандыру қажет», — деді ЕЭК Министрі.
Министрлер бірқатар алдын ала талқылауларды жоспарлап, тұрақты байланыста болуға келісті. ЕЭК үнділік әріптестерімен де, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен де ұстанымдарды үйлестіретін болады.

Еуразиялық экономикалық одақпен ынтымақтастықты тереңдетуге Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығы (АСЕАН) сияқты басқа мемлекеттер қызығушылық танытуда. Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың айтуынша, Индонезия мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы еркін сауда туралы келісімге жыл соңына дейін қол қойылуы мүмкін. Құжат Мәскеу мен Джакарта арасындағы ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашады, деп есептейді министр.