Бразилия Оңтүстік Африкаға әуе рейстерін көбейтеді

0
59

Бразилияның Туризм министрлігі 2025 жылдың қазан айынан бастап Оңтүстік Африкаға қосымша екі рейс ашады. Бұл шешім Кейптаун қаласында екі ел арасындағы туризм мен экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған стратегиялық миссия барысында қабылданды. Бұл туралы министрліктің ресми сайтында хабарланған.

Кездесуде Оңтүстік Африка әуежайының маршруттар желісін дамыту жөніндегі маманы Пол Ван ден Бринк Бразилия Туризм министрлігінің жауапты хатшысы Ана Карла Лопеске жергілікті әуе компаниясы Кейптауннан Сан-Паулуға ұшу жиілігін екі есе арттыратынын растады — сенбі және сейсенбідегі қолданыстағы рейстерге қосымша, сәрсенбі және жексенбі күндері де рейстер қосылады.

Лопес, өз кезегінде, статистика екі елде де кеңейтілген әуе тасымалына жоғары сұранысты растайтынын атап өтті.

«Бразилия президенті Лула да Сильваның курсына сәйкес мұндай тактика әуе рейстерінің санын көбейтіп, туристік ағынның артуына әкеліп соқтырады және соның нәтижесінде осы елдерде қосымша экономикалық дамуды қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуы мүмкін», — деді ол.

Туризмнің дамуына екі елдің азаматтарына бір-бірінің аумағында 90 күнге дейін болуға мүмкіндік беретін визасыз режим де ықпал етуде.

Бразилия оңтүстік африкалықтардың танымал бағытына айналуда: егер елге 2022 жылы 5,4 мың адам келсе, 2024 жылы —  15,3 мың адам. Өз кезегінде 2024 жылы 50 мыңға жуық бразилиялық саяхаттау үшін Оңтүстік Африканы таңдаған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 94 пайызға артық.