Өзбекстанда 100 үздік шетелдік университеттің филиалдары ашылады

Жоғары білім саласындағы реформалардың негізгі мақсаты Өзбекстанды білім мен ғылымның аймақтық орталығына айналдыру. Бұл туралы президент Шавкат Мирзиеев 15 қыркүйекте Ташкент облысының Бостанлық ауданында ұстаздар мен тәлімгерлермен кездесуінде айтты, деп хабарлады оның баспасөз хатшысы Шерзод Асадов.
Оның айтуынша, бүгінде елдегі 4 жоғары оқу орны әлемнің 1000 үздік университетінің қатарына енді. Алдағы жылдары олардың санын 10-ға жеткізу жоспарлануда.
Мемлекет басшысы басым бағыттар – ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, агротехнологиялар, медицина және «жасыл» энергетика бойынша 500 үздік шетелдік университеттермен бірлескен білім беру бағдарламалары іске қосылғанын хабарлады.
Сонымен қатар, елде әлемдік рейтингтің үздік 100-іне кіретін университеттердің филиалдарын ашу жоспарлануда.
Осы мақсаттарды алға жылжыту үшін келесі жылы Өзбекстанда Орталық Азияның халықаралық білім форумы өтеді. Оған 10-нан астам халықаралық ұйымның өкілдері, жетекші университеттердің 500 ректоры және 1000-нан астам халықаралық сарапшылар қатысады.
Сондай-ақ шетелдік студенттердің санын бес есеге арттыру және білім беру қызметтерінің экспорт көлемін 200 миллион долларға жеткізу жоспарлануда.
Әлемнің үздік 300 университетіне қабылданған оқытушылар 20 мың долларға дейінгі жеңілдетілген білім беру несиесін пайдалана алады.
Биылғы жылы QS World University Rankings 2026 үздік 1000 рейтингіне «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университеті, Өзбекстан Ұлттық университеті және Ташкент мемлекеттік техникалық университеті еніп отыр. «Түлектердің жетістіктері» көрсеткіші бойынша 700-дікке жоғарыда аталған оқу орындарымен қатар Ташкент мемлекеттік экономика университеті енді.
