Қазақстан мен Иранның арнайы өкілдері Каспий теңізіндегі ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады

2025 жылғы 16 қыркүйекте, Ашхабад қаласында Каспий теңізі мәселелері жөніндегі Жоғары деңгейдегі жұмыс тобындағы Қазақстан Республикасының және Иран Ислам Республикасының арнайы өкілдері Зульфия Аманжолова мен Казем Гариб Абади екіжақты консультациялар өткізді.
Тараптар Каспий теңізі жағалауындағы мемлекеттердің өзара қызығушылық тудыратын салалардағы ынтымақтастығын кеңейту мен тереңдетуге қатысты көптеген мәселелер бойынша пікір алмасты.
Теңіз акваториясын делимитациялауға, түрлі деңгейдегі алдағы іс-шараларды дайындауға, сыртқы істер министрлерінің кездесулері мен Каспий саммиттерінің қорытындылары бойынша тапсырмаларды іске асыруға байланысты міндеттерді шешуде көзқарастардың жоғары деңгейі мен жақындығы аталып өтті.
Келіссөздер дәстүрлі достық, өзара түсіністік пен конструктивті түрде өтті.
Сонымен қатар, 17 қыркүйекте Каспий теңізі мәселелері жөніндегі Жоғары деңгейдегі жұмыс тобының он бірінші отырысы өтті.
Отырысқа Әзербайжан Республикасының (жетекшісі – Самир Шарифов), Иран Ислам Республикасының (жетекшісі – Казем Гариб Абади), Қазақстан Республикасының (жетекшісі – Зульфия Аманжолова), Ресей Федерациясының (жетекшісі – Николай Удовиченко) және Түрікменстанның (жетекшісі – Мырат Атаджанов) делегациялары қатысты. Отырысқа Түрікменстан делегациясының басшысы М.Атаджанов төрағалық етті.
Тараптар Каспий теңізінде бастапқы тік сызықтарды белгілеу әдістемесін талқылауды жалғастырды. Отырыс аясында тараптар Каспий теңізіндегі ынтымақтастыққа шолу жасап, бесжақты өзара іс-қимыл мәселелері мен іс-шараларды әртүрлі деңгейде дайындауды қарастырды.
Делегациялар Түрікменстанға кездесуді ұйымдастырудың жоғары деңгейі үшін ризашылықтарын білдірді.
Жоғары деңгейдегі жұмыс тобының келесі отырысы Әзербайжанда дипломатиялық арналар арқылы келісілген мерзімде өтеді.
