Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамппен келіссөз жүргізді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке сапары барысында АҚШ президенті Дональд Трамппен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Ақорда.
Әңгімелесу барысында Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың келешегі басты назарда болды.
Дональд Трамп экономика және сауда саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Президенттер халықаралық жағдайға қатысты өзекті мәселелерді де талқылады.
Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте жұмыс сапарымен жүр. Оның сапары кеше канадалық трансұлттық компания басшысымен кездесуден басталды, оның барысында уран өнеркәсібіндегі ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Мемлекет басшысы сондай-ақ Goldman Sachs жаһандық институтының жаһандық мәселелер жөніндегі президенті Джаред Коэнмен, Educational Testing Service (ETS) президенті және бас директоры Амит Севакпен және Смитсон фольклор және мұра орталығының арнайы жобалар жөніндегі директоры Халле Батвинмен кездесті.
Одан кейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының ETS және Смитсон институтымен кездесулерінің қорытындылары туралы баяндады. Ал Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ инвестициялық банкінің өкілімен кездесуіне қатысты пікір білдірді.
Бүгін Мемлекет басшысы PepsiCo директорлар кеңесінің төрағасы Стивен Кейходы, Amazon компаниясының аға вице-президенті Дэвид Запольскийді және Cerberus Capital Management бас директоры Фрэнк Бруноны қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ «Шеврон» корпорациясының бас директорымен кездесіп, Мета вице-президенті Ян Лекунмен және АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі арнайы өкілі Серджио Горамен кездесті.
