Қазақстанның астығы Еуропаға сатылуда

0
51

Қазақстан еуропалық астық нарығындағы позициясын нығайтуды жалғастыруда. 2025 жылдың алғашқы жеті айында Эстонияның Мууга портының инфрақұрылымы арқылы Ақмола облысынан 145 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды. Осы көлемнің 110 000 тоннадан астамы Италияға, 28 000 тоннадан астамы Бельгияға және шамамен 6 500 тоннасы Эстонияға жөнелтілді.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, эстониялық логистикалық платформаға қолжетімділік 2025 жылдың ақпанында Ақмола облысының әкімдігі мен Мууга астық терминалы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін мүмкін болды. Бұл қадам Қазақстанға еуропалық теңіз жолдарына тікелей шығуға мүмкіндік берді және астық жөнелтуге арналған логистикалық шығындарды айтарлықтай азайтты.

Сарапшылар Балтық бағытын пайдалану экспортты тұрақты әрі әртараптандыратынына назар аударады. Бұрын жеткізілімдердің басым бөлігі Қара теңіз және Кавказ порттары арқылы жүзеге асырылатын, бірақ, белгілі бір бағыттардың тұрақсыздығы Қазақстанды әлемдік нарықтарға шығудың жаңа, тұрақты арналарын іздеуге мәжбүр етуде.

«Жалпы алғанда, экспорттық үрдістер тұрақты өсуде. 2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың 10 тамызына дейін жаңа астық жеткізілімі 9,8 миллион тоннаны құрады, бұл 2023–2024 жылдардағы ұқсас кезеңнен 55 пайызға жоғары. Бұл нәтиже Қазақстанның астықтың жоғары бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді және оған шетелдік серіктестер қызығушылық танытады», — деп хабарлады министрлік.

Бұған дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алешка Симкичпен кездесті. Тараптар экономикалық ынтымақтастықтың негізгі аспектілеріне, атап айтқанда, ауылшаруашылық саудасы, ветеринариялық-санитариялық стандарттар, сондай-ақ аграрлық секторға инвестиция тарту перспективаларына тоқталып, нәтижелі пікір алмасты.

Министрдің айтуынша, Еуропалық Одақ Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы сауда серіктестері арасында маңызды орынға ие. 2024 жылы ауыл шаруашылығының өзара саудасының жалпы көлемі 1,3 миллиард долларға жетіп, 7%-ға өскен. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш тағы 11 пайызға өсіп, шамамен 662 миллион долларға жетті. Бұл, әсіресе, астық пен ұн сияқты органикалық өнімдер экспортының айтарлықтай өсу әлеуетін көрсетеді. Осы жаңа мүмкіндіктерді іске асыру үшін Балтық порттары арқылы астық транзиті қарастырылуда.

«Бізде органикалық өнімдердің, әсіресе астық пен ұнның экспортын ұлғайту үшін айтарлықтай әлеуетіміз бар және Еуропа нарығына астықтың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етуге дайынбыз. Осыған байланысты Эстония және Латвиямен Балтық порттарын транзиттік хаб ретінде пайдалану бойынша келіссөздер жүргізілуде», — деді Айдарбек Сапаров.

Талқылаудың тағы бір тақырыбы мал шаруашылығы өнімдерін экспортына қатысты болды. Бүгінде 20-ға жуық отандық тауар өндіруші Еуропалық Одаққа балық экспорттауға рұқсат алды. Қазақстандық бал, аквакультура өнімдері мен жылқы еті үшін Еуроодақ нарықтарын ашу да белсенді түрде қарастырылуда. Сапаны бақылаудың тиісті ұлттық стандарттарын әзірлеу және санитарлық талаптарды үйлестіру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, кездесуде еуропалық инвесторлардың Қазақстандағы белсенділігінің жоғары деңгейі атап өтілді. Жалпы құны 270 миллион доллардан асатын бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда: Алматыда премиум премикс зауыттарының құрылысы, Қостанайдағы құрама жем зауыттарының құрылысы (UBM Group), алкогольсіз сусындар өндірісі (Carlsberg Group), егін шаруашылығын дамыту (ALFASEED жобасы). Мұны CLAAS, Amazone-Werke, SDF Group, Pöttinger сияқты ауылшаруашылық құрал-жабдықтарын шығарумен айналысатын еуропалық компаниялардың табысты жұмыстарымен, сондай-ақ 2025 жылы басталған John Deere жабдықтарын локализациялау жобасымен толықтыруға болады.

Кездесуді қорытындылаған Айдарбек Сапаров Қазақстанның еуропалық кәсіпкерлердің жаңа бастамаларына ашықтығын және Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты кеңейтуге деген ұмтылысын ерекше атап өтті. Өз тарапынан Еуроодақ Елшісі екіжақты ынтымақтастықтың айтарлықтай әлеуетін атап өтіп, қарым-қатынастардың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.