Қазақстан СІМ басшысы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты

0
51

2025 жылғы 7 қазанда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) 12-ші Саммиті қарсаңында өткен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты.

Министрлік кездесудің барысында Ұйым аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасу өтіп, өзекті халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша «сағаттар теңестірілді».

Өз сөзінде Е.Көшербаев қазіргі геосаяси және геоэкономикалық жағдай аясында Ұйымның артып келе жатқан рөлін ерекше атап өтті. «Бүгін Түркі мемлекеттері ұйымы ортақ мүдделерді ілгерілету, бірлескен бастамаларды жүзеге асыру және әлемдік аренада келісілген ұстанымдарды қалыптастыру үшін маңызды алаңға айналды», – деді ол.

ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы отырысқа қатысушыларды түркі әлеміндегі экономикалық ынтымақтастықтың негізгі қозғаушы күші болуға қабілетті Түркі инвестициялық қорының қызметін жедел бастауға шақырды.

Сондай-ақ ол бауырлас елдерді Астанада орналасқан Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютер мен жақында ашылған «Alem.AI» халықаралық жасанды интеллект орталығының әлеуетін жаңа идеялар мен инновациялар үшін бастапқы алаң ретінде пайдалануға шақырды.

ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Султан Раев өз сөзінде мәдени дипломатияның стратегиялық маңызына тоқталып, «Біз бәріміз ортақ тарихтың, өркениеттің және мәдениеттің бір бөлігіміз. Біздің міндетіміз – осы құндылықтарды сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу», — деді. Бас хатшы Раев биылғы жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылай келе, Ақтаудағы мәдени астананың ашылуына 150 мыңнан астам көрермен қатысқанын, іс-шараларды ұйымдастыруға үш мыңға жуық өнерпаз қатысқанын, «Қорқыт ата» 5-ші түркі әлемі кинофестивалі сәтті өткенін, сахнада жаңа анимация фестивалі мен өнерпаздар пайда болғанын атап өтті. Бас хатшы сондай-ақ ТҮРКСОЙ-дың сурет және фотосурет байқауларына ондаған мың өтініш түскенін, балет және хореография институттарының алғашқы кездесуі сияқты бағдарламалар көпшіліктің көңілінен шығып, үлкен ілтипат тудырғанын атап өтті.

Бас хатшы делегация мүшелерімен Наурыз мерекесін халықаралық аренада барынша белсенді әрі бірлесіп атап өту, Түркі әлемі кино қорын құру, кең көлемдегі қатысумен ауқымды ән байқауын өткізу туралы ұсыныстарымен бөлісті.

Іс-шара соңында министрлер түркі ұйымдарының қызметін дамыту мен кеңейтуге бағытталған бірқатар құжаттарды қабылдады, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымы 12-ші Саммитінің қорытынды құжаттарының жобаларын қарап, мақұлдады.

Түркі мемлекеттері ұйымы 2009 жылы Қазақстанның бастамасымен құрылды. Қазіргі уақытта Ұйымның құрамына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кіреді. Мажарстан мен Түрікменстан бақылаушы мәртебесіне ие.