Қазақстан–Тәжікстан ынтымақтастығының даму перспективалары

Душанбе қаласында «Жасыл инвестициялар: тұрақты болашақ үшін қазіргі мүмкіндіктер» тақырыбында екінші «Душанбе халықаралық инвестициялық форумы – 2025» өтті. Іс-шараны Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон ашты.
Форумға 30-дан астам елден келген 600-ден астам шетелдік қонақтар, халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының өкілдері қатысты.
Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр бастап барды.
Пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде қазақстандық делегация басшысы форумның екі ел үкіметі мен компаниялары арасындағы өзара іс-қимылдың маңызды құралына айналғанын атап өтті. Күн тәртібінде екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, көлік және логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, қаржы және басқа да салалардағы өзара байланыстарды нығайту мәселелері қаралды.
Роман Скляр форумда белгіленген бағыттар қазіргі инвестициялық саясаттың негізіне айналып, Қазақстанда кең қолдау тауып отырғанын атап өтті. Еліміз жасыл трансформация, энергия тиімділігін арттыру және өнеркәсіпті цифрландыру бағытын дәйекті түрде жүзеге асырып келеді.
Тараптар қабылданған шешімдер екіжақты қатынастарды барлық бағыттар бойынша одан әрі нығайтып, тереңдете түсуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Халықаралық инвестициялық форумда жалпы сомасы 3,12 миллиард доллар болатын 26 келісім мен меморандумға қол қойылды.
Келісімдердің көпшілігі, шамамен 2,4 миллиард доллар, энергетика секторына қатысты. Қол қойылған құжаттардың қатарында Қытай, Ресей, Вьетнам және Сауд Арабиясы компанияларымен жаңартылатын энергия жобаларын дамытуға, күн және жел электр станцияларын салуға бағытталған келісімдер бар.
Тәжікстанның Энергетика және су ресурстары министрлігі шетелдік серіктестермен бірқатар негізгі құжаттарға қол қойды. Олардың арасында Соғды және Хатлон облыстарында әрқайсысының жалпы қуаты 500 мегаватт күн электр станцияларының құрылысына инвестиция салатын қытайлық Wuhan Building Material Industry және Ejing Technology компаниялары бар. Жалпы қуаттылығы 500 мегаватт болатын осындай жоба тәжікстандық Aen Energy компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылмақ.
Сонымен қатар, вьетнамдық Rox Group компаниясы мен ресейлік «Росатом Renewable Energy» АҚ Тәжік тарапымен персоналды оқыту және қуаттылығы 1000 мегаватқа дейінгі күн энергетикасы жобаларын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.
Энергетикадан бөлек құны 386 миллион долларды құрайтын тоғыз өнеркәсіптік келісімге және 333,5 миллион долларға коммуникация келісіміне қол қойылды. Бұл жобалар инфрақұрылымды дамыту, қызмет көрсету сапасын жақсарту және жаңа өндіріс орындарын құруды қамтиды.
Сондай-ақ әлеуметтік және инфрақұрылымдық бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған 8,9 миллион долларға төрт мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісіміне қол қойылды.
Сонымен қатар, Сауд Арабиясы Корольдігімен экономикалық, сауда және мәдени мәселелер жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 5-ші отырысында екіжақты ынтымақтастықты тереңдету үшін жаңа перспективалар ашатын екі меморандумға қол қойылды.
Іс-шараға Еуропалық Одақ, Таяу Шығыс, Орталық Азия және Қытайдан келген делегацияларды қоса алғанда, ондаған елдерден 1500-ден астам өкіл қатысты. Форум Тәжікстанның инвестициялық әлеуетін көрсету және халықаралық серіктестермен байланыстарды нығайту үшін маңызды алаңға айналды.
Келесі халықаралық инвестициялық форумды 2027 жылы Тәжікстанда өткізу жоспарланып отыр.
