Соңғы бес жылда Қазақстанға емделуге келгендердің саны бес есеге өсті

0
40

Соңғы бес жылда Қазақстанға емделуге келетін шетелдік науқастардың саны бес есеге артқан. Олар ТМД мен Орталық Азия елдерінен ғана емес, Еуропадан, Таяу Шығыстан және Америка Құрама Штаттарынан келеді. Бұл саланың дамуы елімізде алғаш рет медициналық туризмге арналған халықаралық конференцияда талқыланды.

Денсаулық сақтау және туризм министрлігі бірнеше елдермен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл Қазақстанды медициналық туризмнің жаңа хабы ретінде нығайтудағы символдық және маңызды қадам.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Жаһандық ландшафт өзгеруде, Қазақстан медициналық туризмнің хабына айналуда. Біз медициналық туризмде көшбасшы деп танылған елдердің қарқынды өсуін көріп отырмыз, бізде көп нәрсе бар. Қытайдан келетін науқастардың ағыны 24 есеге, Үндістаннан 40 есеге өсті».

Конференцияға 30 елден 500-ден астам қатысушы жиналды. Олардың арасында дипломаттар, жеке клиникалардың, сақтандыру компанияларының өкілдері, халықаралық медициналық операторлар бар.

Сильвен Гиге, Франция Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі: «Бүгінгі іс-шара бізге Қазақстанның медициналық туризмді дамыту мақсатына қалай қол жеткізгісі келетінін жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Францияның қазірдің өзінде қазақстандық нарықта өз кәсіпорындары, тәжірибесі, сонымен қатар даму агенттігіміз бар. Сондықтан, Қазақстанға осы салада әрі қарай қолдау көрсетуге және медициналық туризмді дамытуға мүмкіндік туады.»

Алешка Симкич, Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісі: «Еуропалық бизнес қазірдің өзінде медицина саласына инвестиция салуға қызығушылық танытып отыр. Мен қазақстандық дәрігерлердің жоғары қызметі мен кәсібилігін өз көзіммен көрдім. Мен қызметкерлердің ағылшын тілін жетік меңгергеніне ерекше ризамын», деді.

Соңғы 10 жылда денсаулық сақтау саласын қаржыландыру үш есе өсті. Ондаған емханалар салынып, протон терапиясынан бастап жасанды жүрек имплантациясына дейін заманауи технологиялар енгізілуде. «Бұл емдеу әдістері өте күрделі және шетелде қомақты инвестицияны қажет ететіндіктен, бұл операциялар өте қымбат. Қазақстанда қазіргі жағдайымызды ескере отырып, біз негізінен өте жақсы баға ұсына аламыз. Ал сапасы Түркия, Германия, Израиль және т.б. елдердегідей болады», — дейді нейрохирург Шыңғыс Шашкин.

Сонымен қатар, Қазақстанның табиғи жағдайлары жан-жақты сауықтыру және оңалту жүйесін құруға мүмкіндік береді. Тау ауасы, қарағайлы ормандар және минералды бұлақтар емдеуден кейін қалпына келтіру әсерін күшейтеді.

Қазақстандағы медициналық туризм қазірдің өзінде танымал бағытқа айналды. Бәсекеге қабілетті бағалар, жоғары білікті мамандар, заманауи құрал-жабдықтар және бірегей табиғи ресурстарға қолжетімділік елді әлемнің түкпір-түкпірінен келген пациенттер үшін тартымды етеді.

Жыл сайын Қазақстанға 40 мыңға жуық адам емделуге және сауықтыруға келеді.