Қазақстан Президенті «Лукойл» акционерін қабылдады

0
54

Кездесуде Президентке «Лукойл» компаниясының Қазақстандағы қызметінің нәтижелері және алдағы кезеңге арналған жоспары туралы мәлімет берілді. Мемлекет басшысына «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» бірлескен ірі жобаларын іске асыру барысы баяндалды.

Бұдан кейін мемлекет басшысы «Лукойл» компаниясының мерейтойлық іс-шарасына қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев «Лукойл» компаниясының Қазақстандағы қызметіне 30 жыл толуымен құттықтады.

«Лукойл» – елімізде табысты жұмыс істеп жатқан беделді компанияның бірі. 1995 жылы Қазақстанға алғаш қадам басқан компанияның еліміздегі абырой-беделі зор деп айтуға толық негіз бар. Бұл – табанды еңбек пен терең жауапкершіліктің арқасы екені сөзсіз. Бұдан бөлек, «Лукойл» компаниясы Қазақстан мен Ресей арасындағы серіктестікті нығайта түсуге мол үлес қосып жатыр. Кәсіпорын елдеріміздің экономикалық әлеуетін нығайтып, ырысты ынтымағымызды арттыруда. Тарихқа үңілсек, «Лукойл» компаниясының қазақ жеріндегі қызметі «Құмкөл» жобасынан бастау алды. Кәсіпорын жемісті жұмыс істеп, ширек ғасырдан астам уақыт ішінде орасан зор табысқа қол жеткізді. Атап айтқанда, «Лукойл» Қазақстанның мұнай-газ саласына 12 миллиард доллардан астам қаржы салды, 94 миллион тонна мұнай және 60 миллиард текше метр газ өндірді. Компания 300 миллион долларға жуық қаржыны әлеуметтік жобалар мен қайырымдылыққа жұмсаған, – деді Мемлекет басшысы.

Президент бұл көрсеткіштердің аясында мыңдаған жұмыс орны құрылып, озық технологиялар келгенін, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосылғанын атап өтті. Компанияның қатысуымен Теңіз кен орнындағы Кеңейтудің болашағы жобасы табысты аяқталды. Бұл әлемдік мұнай-газ саласындағы ірі бастамалардың бірі саналады.

Мемлекет басшысы 2019 жылы Алматы облысында жағармай зауытының іске қосылуын ынтымақтастық тарихындағы ең маңызды кезең ретінде атады. Бұл – еліміздегі жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін жағармай өндіретін алғашқы кәсіпорын. Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ секторы Қазақстан экономикасында үлкен рөл атқаратынын жеткізді. Алда қолданыстағы кен орындарын одан әрі игеру міндеті тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның энергетикалық әлеуетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін белгілі кәсіпкер және қоғам қайраткері Вагит Алекперовті І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

Сондай-ақ «Лукойл» компаниясының Қазақстанда жұмыс істейтін бірқатар қызметкері мемлекеттік наградаға ие болды.