Арменияда әскери қызмет мерзімі қысқартылады

0
79

Армениядағы мерзімді қызмет мерзімі келісімшарт бойынша сарбаздардың санын көбейту арқылы қысқартылуда. Бұл туралы сәрсенбі күні парламентте өткен үкімет сағатында Армения қорғаныс министрі Сурен Папикян мәлімдеді.

Қорғаныс министрінің айтуынша, үкімет бағдарламасы аясында билік келісім шарт бойынша сарбаздардың санын көбейту арқылы мерзімді қызмет мерзімін қысқартуға міндеттеме алған.

«Екінші құжат, армияны трансформациялау тұжырымдамасында да осындай міндеттемелер бар. Осының барлығынан бұл ұзақ мерзімді жоспарлаудың нәтижесі екені анық», — деді Папикян.

Бұл бағдарламаның жүзеге асуы биліктің соңғы жылдары келісімшарт бойынша сарбаздар санын көбейте алғанына байланысты, деді министр.

Папикян 2,5 жыл бұрын Армения парламентінің алты ай мерзімді әскери қызметтен кейін Қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасуға рұқсат беретін заң жобасын қабылдағанын атап өтті.

«Бүгінде «Отан қорғаушы» бағдарламасы бойынша көптеген сарбаздар ұзақ жылдар бойы әскерге өз өмірін арнауда. Бұл сан қазірдің өзінде бірнеше мыңға жетеді. Демек, армияны қысқартып жатырмыз деу, жұмсартып айтқанда, қисынсыз», — деді Папикян.

Естеріңізге сала кетейік, 21 қазанда премьер-министр Никол Пашинян әлеуметтік желіде міндетті әскери қызмет мерзімін қысқарту туралы заң жоспарланған уақыттан ертерек күшіне енетінін мәлімдеген. Заң қабылданса, 2026 жылғы қысқы шақырудан басталатын әскери қызмет мерзімі екі жыл емес, 1,5 жыл болады.