Иманғали Тасмағамбетов Еуразия қауіпсіздігі жөніндегі III Минск халықаралық конференциясында сөз сөйледі

Еуразия қауіпсіздігі жөніндегі III Минск халықаралық конференциясының пленарлық отырысы Беларусь астанасында сәтті аяқталды. Форум Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және басқа да аймақтардың 40-тан астам елінен келген делегацияларды біріктірген жылдың ең ірі диалог алаңдарының біріне айналды. Қатысушылардың қатарында Ресей, Венгрия, Солтүстік Корея, Мьянма, Иран, Қытай және Үндістанның жоғары лауазымды сыртқы саясат қызметкерлері, сондай-ақ Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД), Одақтық мемлекет және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) сияқты жеті жетекші халықаралық ұйым болды. Пленарлық отырысты Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко ашты.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов өз сөзінде қазіргі заманғы сынақтар мен қауіптер Ұйымның жауапкершілік аймағының шекарасына жақындағанын атап өтті. Мұндай жағдайда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы дағдарысқа қарсы әрекет ету тетіктерін белсенді түрде жетілдіріп, қорғаныс мүмкіндіктерін нығайтуда. Ауған дағдарысына жауап ретінде Тәжік-Ауған шекарасын нығайту бойынша мақсатты мемлекетаралық бағдарлама қабылданды. Оны жүзеге асырудың бірінші кезеңі басталды. Бас хатшы сондай-ақ Үлкен Еуразиядағы тұрақтылықты сақтау үшін БҰҰ, БРИКС, ТМД және ШЫҰ бойынша серіктестермен ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Конференция аясында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының хатшылығы 29 қазанда «Еуразиядағы ұжымдық қауіпсіздіктің перспективалары: Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы жауапкершілік аймағы диалог кеңістігі ретінде» атты бөлек жұмыс сессиясын өткізуді жоспарлады. Бұл іс-шара еуразиялық қауіпсіздік архитектурасын қалыптастыру жолдары мен ортақ қиындықтарға қарсы тұрудың қазіргі тәсілдерін тереңірек талқылауға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев та еуразиялық қауіпсіздік мәселелеріне арналған III Минск халықаралық конференциясына қатысты.
Өз сөзінде Е.Қоныспаев қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында біріктіруші күн тәртібі ерекше маңызға ие болып отырғанын атап өтіп, Қазақстанның өңірлік және жаһандық деңгейлерде ашық өзара іс-қимыл жүргізу арқылы теңгерімді дамуды қамтамасыз етуге ұмтылатынын айтты.
Министр орынбасарының айтуынша, Қазақстан әртүрлі еуразиялық бастамаларды – Еуразиялық экономикалық одақ, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы, ШЫҰ мен АСЕАН-ның экономикалық өлшемдерін өзара ұштастыру бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. «Бұл өңірдің болашағына қатысты көзқарасымызға толық сәйкескеледі – Еуразияда ішкі және сыртқы ойыншылардың мүдделері үйлесім табатын «win-win» қағидатына негізделген қатынастар жүйесін қалыптастыру», – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ халықаралық мәселелерді саяси-дипломатиялық жолмен шешудің, диалог пен өзара сенімді сақтау мен нығайтудың маңыздылығы айтылды. Осы тұрғыда Еуразиялық қауіпсіздік тұжырымдамасын бірлесіп әзірлеу ерекше мәнге ие екені аталып өтті. Қазақстан бұл бағытта өз үлесін қосуға дайын екенін білдірді. Ортақ консенсус негізінде ғана барша тараптар қолдайтын және ұстанатын инклюзивті қауіпсіздік тұжырымдамасын қалыптастыруға болады.
Іс-шара барысында Беларусь БАҚ-тарынаберген сұхбатында Е.Қоныспаев Минск конференциясына халықаралық қоғамдастықтың жоғары қызығушылық танытқанын және Еуразия қауіпсіздігі мәселелерін шешуде сарапшылық өзара іс-қимылдың маңызды рөлін атап өтті.
