Қазақстан мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету саласындағы тәжірибесімен ТМД елдерімен бөлісті

ТМД-ға мүше мемлекеттердің еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі консультативтік кеңесінің 38-ші отырысы Ташкентте өтті.
Іс-шараға Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, Мемлекетаралық статистикалық комитет, Кәсіподақтардың жалпы конфедерациясы, Беларусь ұлттық техникалық университеті және ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері қатысты.
Отырыстың күн тәртібіне кең ауқымды мәселелер енгізілді. Оларға ТМД-дағы әлеуметтік-еңбек ынтымақтастығын одан әрі дамытудың басым бағыттары, еңбек және жұмыспен қамту саласындағы цифрлық трансформация, еңбек статистикасы деректерін өңдеу және визуализациялаудағы инновациялар, ТМД елдерінде ортақ еңбек нарығын құруға және еңбек миграциясын реттеуге бағытталған кешенді бағдарлама жобасы және басқалар кірді.
Отырыста Түрікменстанның төрағалық ету кезеңіндегі жұмыстың қорытындылары шығарылып, кең ауқымды мәселелер талқыланды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету саласындағы Қазақстан тәжірибесімен бөлісті.
Өз сөзінде Виктория Шегай Қазақстандағы әлеуметтік-еңбек жағдайы, белсенді ұзақ өмірді дамыту бойынша қабылданған шаралар, егде жастағы азаматтардың мүддесінде жүргізіліп жатқан жұмыстар және Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен оларға теңестірілген тұлғаларды әлеуметтік қорғау туралы ақпарат берді.
Сонымен қатар, вице-министр ерекше қажеттіліктері бар адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселелерін жан-жақты баяндады. Ол Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының мүгедектігі бар адамдарды қоғамға интеграциялау Стратегиясы мақсаттарына қол жеткізуге, БҰҰ мүгедектер құқықтары туралы Конвенциясы мен оған қосымша Факультативтік хаттама шеңберінде өз міндеттемелерін орындауға күш салатынын атап өтті. ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес, мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік қолдау әділетті қоғам құру, тең құқықтылық және әлеуметтік қорғау саласында адам құқықтарын шектеуге жол бермеу принциптері негізінде көрсетіледі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025–2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында инклюзивті саясат тұжырымдамасы қабылданды. Оның мақсаты – мүгедектікті әлеуметтік құбылыс ретінде мойындау негізінде инклюзивті саясатты жүзеге асыру, дәстүрлі әлеуметтік және медициналық модельдерден әлеуметтік-құқықтық модельге концептуалды өту», – деді Виктория Шегай.
Тұжырымдаманы іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарына теңдік, құқықтық қорғалу, өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, денсаулық сақтау және оңалту шараларына қолжетімділік, әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру сияқты 13 негізгі бағыт бойынша 52 іс-шара енгізілген.
Вице-министр осы іс-шараларды іске асыру барысы, соның ішінде мүгедектігі бар балаларды оңалту бойынша пилоттық жобалар, мүгедектігі бар адамдарға кейбір техникалық құралдарды ақысыз пайдалану және қайтару шартымен қамтамасыз ету, Әлеуметтік қызметтер порталын дамыту, сондай-ақ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде жұмыс істейтін Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жөніндегі Үйлестіру кеңесінің рөлін күшейту туралы баяндады.
Кеңес отырысында ТМД елдерінде белсенді қартаю бағдарламаларын енгізуге, сондай-ақ Жеңіс күнінің 80 жылдығында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген адамдар үшін қабылданған әлеуметтік қорғау шараларына, зейнеткерлер үшін әлеуметтік жұмыстың жаңа түрлерін енгізуге және мүгедектерді қолдауға қатысты мәселелерге ерекше назар аударылды.
Кездесуге қатысушылар Ташкент қалалық Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және кедейлікті азайту департаментіне және Кәсіби дағдылар орталығына барып, жұмыспен қамтуды жәрдемдесудегі практикалық тәжірибемен танысты.
Орталық негізінен жұмыспен қамту мәселелері бойынша кеңес береді. Қажет болған жағдайда азаматтарға шетел тілдері мен цифрлық технологиялар бойынша оқуға жолдама беріледі. Жұмыссыз болған жағдайда, азаматтарға ел ішінде де, халықаралық деңгейде де әртүрлі бос жұмыс орындары ұсынылады. Әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға тұрақты жұмыс берілуі мүмкін. Кәсіби дағдыларды қажет ететін жұмыстарды таңдағандар қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарынан өтеді. Бұл курстар әдетте бір айдан төрт айға дейін созылады. Әрбір курстың оқу ұзақтығы мен сағаттары тиісті мамандар мен жұмыс берушілермен WorldSkills стандарттарын және ішкі нарықтың талаптары мен қажеттіліктерін ескере отырып әзірленеді. Теориялық сабақтар курс жүктемесінің 30 пайызын, ал практикалық сабақтар 70 пайызын құрайды.
Курстар келесі мамандықтар бойынша оқуды ұсынады: электрик, дәнекерлеуші, ауыр жүк көлігінің жүргізушісі, кран операторы, тұрмыстық техниканы жөндеуші, бухгалтер, ымдау тілінің аудармашысы, аспазшы, кондитер, шаштараз, косметолог және басқа да көптеген мамандықтар.
Кәсіби дағдылар орталықтарының жұмысы халыққа әлеуметтік қолдау мен қорғауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға және адамдарды бизнеске тартуға, азаматтарға психологиялық және құқықтық көмек көрсетуге бағытталған.
ТМД-ға мүше мемлекеттердің еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі Консультативтік кеңесінің келесі отырысы 2026 жылғы екінші жартыжылдықта өткізілуі жоспарланып отыр.
