Орталық Азия елдері мен АҚШ СІМ басшылары өңірлік өзара іс-қимылды дамытуды талқылады

0
41

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев «С5+1» форматындағы алдағы мерейтойлық кездесуге орайластырылған салтанатты қабылдау шеңберінде Орталық Азия елдерінің сыртқы саяси ведомстволары басшыларының АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен кездесуіне қатысты.

Сұхбат барысында тараптар кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің перспективаларын, сондай-ақ сауда-инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуды қоса алғанда екіжақты күн тәртібіндегі мәселелердің кең ауқымын талқылады. Қазақстан АҚШ-тың Орталық Азиядағы жетекші экономикалық серіктесі екені аталып өтті. Тәуелсіздік жылдарында тікелей америкалық инвестициялардың жалпы ағыны 60 млрд доллардан асты, бұл олардың өңірдегі жиынтық көлемінің 80%-дан астамын құрайды.

«С5+1» форматы шеңберінде өңірлік өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды. Е.Көшербаев бұл алаң құрылған сәттен бастап он жыл ішінде ОА-да сенім, өзара түсіністік пен өркендеуді нығайтуға ықпал ететін пәрменді құралға айналғанын атап өтті.

Министрлер сондай-ақ мемлекет басшыларының екіжақты форматта және Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы көпжақты диалог шеңберінде алдағы кездесулеріне дайындықты талқылады.

Америкалық тарап өз кезегінде ынтымақтастықты нығайтуға және өңірдің орнықты дамуына бағытталған бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға, сондай-ақ серіктестікті тереңдетуге одан әрі жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.

«Әлем әлдеқайда кең, және оның ішінде көбірек назар аударуға тұрарлық маңызды аймақтар бар. Осындай аймақтардың бірі — Орталық Азия», — деді Мемлекеттік хатшының орынбасары Кристофер Ландау.

Оның айтуынша, президент әкімшілікке аймақтағы бес елмен өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырды. «Жақында біз екі елге [Өзбекстан мен Қазақстанға] бардық, және ондағы серіктестік мүмкіндіктері шынымен де таңқаларлық — іскерліктен стратегиялық өзара іс-қимылға дейін… Біз бүгін бес елдің өкілдерін — президенттерді, сыртқы істер министрлерін және олардың делегацияларын осында қабылдауға қуаныштымыз», — деп қосты ол.

АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі арнайы елшісі Серхио Гор Вашингтон «өзара мүдделерге негізделген шынайы серіктестік» құруға ұмтылып жатқанын мәлімдеді.

«Сіздің бүгін қатысуыңыз біздің қарым-қатынасымыздың тереңдеуін және қауіпсіз, егеменді және гүлденген Орталық Азияға деген ортақ ұмтылыстарымызды білдіреді», — деді ол.

«Президент мені Орталық Азия бойынша арнайы елші етіп тағайындаған кезде, бұл аймаққа бұрынғы әкімшіліктерде назар аударылмағанын атап өтті. Оның хабары айқын: енді сізде Ақ үймен тікелей байланыс желісі бар», — деп атап өтті Гор.

Ол жақында Ландаумен бірге Өзбекстан мен Қазақстанға барып, инновация, білім беру және бизнес саласындағы қол жеткізілген жетістіктерді жоғары бағалағанын хабарлады.

Оның айтуынша, С5+1 платформасы АҚШ пен аймақ арасындағы энергетика, инфрақұрылым және экономикалық өсу салаларындағы ынтымақтастықтың негізгі құралы болып қала береді.

C5+1 платформасы Америка Құрама Штаттары мен Орталық Азияның бес елін — Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанды біріктіреді. Ол 2015 жылы саяси, экономикалық және аймақтық ынтымақтастық форматы ретінде құрылды.

C5+1 форматындағы алғашқы саммит 2023 жылдың қыркүйегінде Нью-Йоркте өтті.