Тоқаев Chevron корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасын және сенатор Стив Дэйнсті қабылдады

0
146

Мемлекет басшысы Теңіз және Қарашығанақ кен орындарындағы мұнай мен газды игеру бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асыруға Chevron корпорациясының қосқан үлесіне жоғары баға берді, деп хабарлайды Trendnews.kz тілшісі, Ақордаға сілтеме жасап. Сондай-ақ Қазақстан тарапының шикізатты өндіру, өңдеу және тасымалдау салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін растады.

Одан бөлек Республикалық партиядан сайланған сенатормен кездесуде қазақ-америка қатынастарын нығайтуға парламенттік дипломатияның қосқан үлесі талқыланды.

Мемлекет басшысы АҚШ сенаторының Қазақстанға шынайы тілектес екенін атап өтіп, Республика күніне орай Конгрестің ресми мәлімдеме жасағаны үшін ризашылық білдірді. Бұл – елдеріміз арасындағы бұрыннан келе жатқан стратегиялық серіктестіктің дәлелі.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Стив Дэйнс екіжақты күн тәртібінің басым бағыттары жөнінде пікір алмасып, қос халықтың игілігі үшін Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының стратегиялық серіктестігін нығайтуға бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін растады.

Кездесу соңында Президент Қазақстан мен АҚШ арасындағы  байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін сенатор Стив Дэйнсті  І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдағанын жеткізді.