Мемлекет басшысы Халықаралық бейбітшілік және сенім жылына арналған форумға қатысты

0
46

Қасым-Жомарт Тоқаев түрікмен халқының Ұлт көшбасшысы Гурбангулы Бердімұхамедов пен Президент Сердар Бердімұхамедовті Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығымен құттықтады. Мемлекет басшысы Түрікменстанның саяси ұстанымы тұтас Еуразия құрлығының тұрақтылығы мен орнықты дамуына елеулі үлес қосқанын атап өтті. Аталған форумда көтерілген бастамалар ХХІ ғасырдағы бейтараптықтың мән-маңызына жаңаша көзқарас қалыптастырады.

Қазақстан Президенті Түрікменстанның бейтарап саяси ұстанымы түрікмен халқының сан ғасырлық мәдени дәстүрімен және рухани құндылықтарымен үйлесетінін айтты.

– Түрікмен классикалық әдебиетінің негізін қалаушы, Шығыстың көрнекті ойшылы Мақтымқұлы Пырағы: «Тыныштық болса ел өседі, әділдік болса сенім күшейеді» деген. Ұлы данышпанның дүниені терең таныған идеялары қазіргідей алмағайып халықаралық жағдайда да өте өзекті бола түскені сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясы қолдаған Ашхабадтың Халықаралық бейбітшілік және сенім жылын жариялау туралы бастамасы ерекше мәнге ие болғанын жеткізді. Президент еліміз осы маңызды қарарды қуаттағанын айта келіп, бейбітшілік пен келісім Қазақстанның сыртқы саяси стратегиясының іргетасы саналатынына назар аударды.

– Жекелеген кикілжіңдердің реттелгеніне қарамастан, әлемдегі жалпы ахуал әлі де ушығып тұр. Адамзат өзара сенім, толеранттылық, орнықты даму үшін бейбітшілік пен ынтымақтың маңызын түсіну секілді іргелі факторларға зәру. Сонымен қатар кейбір күмәнді ережелер алға шығып, халықаралық құқықтың әлсірей бастағаны, көпжақты құрылымдардың, ең алдымен, Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі мен тиімділігінің төмендегені өкініш тудырады. Стратегиялық теңгерімді қалпына келтірмей, әлемде әділ тәртіп орнату мүмкін емес. Сондықтан халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздік сөз күйінде қалып, көпжақты форумдардың қарарлары мен келіссөздердегі ізгі тілек ретінде ғана көрініс табады. Сол себепті Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына жан-жақты реформа жүргізуді, соның ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, Бас Ассамблеяның рөлін нығайтуды қолдайды. Бас Ассамблеяның 80-ші сессиясы аясында мен БҰҰ жүйесін реформалау жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеу үшін пікірлестер тобын құру идеясын көтердім, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің ауқымды диалогты бастауы, ірі державалардың саяси ерік-жігер көрсетуі өте маңызды деп санайды. Мемлекет басшысы еліміз Түрікменстан Президентінің БҰҰ бейбітшілік және бейтараптық университетін ашу жөніндегі бүгінгі ұсынысын қолдайтынын айтты.

– Қазірдің өзінде жаһан жік-жікке бөлінуден, тіпті ядролық соғыстан бас тартып, бейбітшілік, сенім, ынтымақ секілді құндылықтарды басшылыққа алған кезде әлемде әділетті және орнықты тәртіп орнатуға болатыны белгілі болды. Осы орайда еліміз Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөз процесінің жандануына қолдау білдіреді. Ресей мен АҚШ президенттерінің Анкоридждегі кездесуінен кейін бейбітшілік пактісінің негізгі ережелері белсенді талқылана бастады. Бұл көптен күткен бітімге келу мүмкіндігін жақындатты, – деді Президент.

Мемлекет басшысы өзге өңірлердегі қақтығысты реттеуге қатысты пікір білдірді.

–Таяу Шығыстағы жағдай бойынша келісімге қол қойылуын құптаймыз. Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу жөніндегі шешімі аталған аймақтағы ахуалды тұрақтандыруға үлес қосу ниетінен туындап отыр. Әйтсе де Қазақстан ұзаққа созылған әскери-саяси дағдарысты түбегейлі реттеудің маңызды факторы ретінде егемен Палестина мемлекетін құру ұстанымын жақтайды. Әзербайжан мен Армения бейбітшілік туралы бірлескен декларацияға қол қойды. Біз мұны тарихи шешім деп санаймыз. Өйткені осы арқылы аталған аймақта және одан тысқары жерлерде сан қырлы ынтымақтастыққа кеңінен жол ашылады. Оңтүстік Кавказдағы тұрақтылыққа кепілдік беретін толық форматты бейбіт келісімшарт таяу арада жасалады деп үміттенеміз, – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері көлік-транзит әлеуетін күшейтіп жатқанына тоқталды. Ең алдымен, Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы байланысты нығайтуға баса мән беріледі. Президент Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағдарының мүмкіндіктерін дәйекті түрде кеңейтіп, теміржол, порт, автожол инфрақұрылымын жаңғыртып жатқанын, осылайша біртұтас транспорт жүйесін қалыптастыруға кіріскенін жеткізді. Мемлекет басшысы еліміз Орталық Азияның көлік жүйесін дамытудың кешенді стратегиясын әзірлеуге белсенді атсалысып жатқанына назар аударды. Мақсат – орнықты логистика бағыттарын толық іске қосу.

Президент су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән беру қажет деп санайды.

Қазақстан Президенті сөзін қорытындылай келе, Ашхабад форумы мүдделі мемлекеттердің жасампаз серіктестігін нығайтуға және әлемде әділетті тәртіп қалыптастыруды көздейтін халықаралық күш-жігерге тың серпін беретініне сенім білдірді.

Жиында Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Ресей Президенті Владимир Путин, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Иран Президенті Масуд Пезешкиан, Армения Президенті Ваагн Хачатурян, Ирак Президенті Абдул Латиф Рашид, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Сан-Томе және Принсипи Президенті Карлуш Мануэл Вила-Нова, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Әзербайжан Премьер-министрі Али Асадов, Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Мьянма Премьер-министрі Ньо Со, Эсватини Премьер-министрі Рассел Дламини сөз сөйледі.