Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты

0
42

Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысында сөз сөйледі.

Кездесуге Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің мемлекет басшылары: Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.

ЕАЭО бақылаушы мемлекеттерін Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Куба Республикасының Президенті Мигель Диас-Канель Бермудес (бейнебайланыс арқылы) және Иран Ислам Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Казем Джалали таныстырды.

Шақырылған қонақ: Индонезия Республикасының Сауда министрі Буди Сантосо.

Мемлекет басшысы қонақжайлық танытып, іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Президент Владимир Путинге ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Жаңа жыл қарсаңында Петербургтегі дәстүрлі кездесу жылды қортындылап, алдағы күнге жоспар құруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Президент биыл Еуразиялық экономикалық одақ үшін мерейлі жыл болғанын еске салды. Ұйым дамудың екінші онжылдығына батыл қадам басты. Осы кезең ішінде өзара сауда-cаттық тұрақты түрде өсіп, ірі инфрақұрылым жобалары табысты жүзеге асты және өнеркәсіп кооперациясының аясы кеңейе түсті.

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдардағы жаһандық дүрбелеңдерге қарамастан, ұйымға мүше мемлекеттердің экономикалық даму қарқыны бәсеңдемегеніне тоқталды.

– Биыл ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің жиынтық ІЖӨ көлемі 2 пайызға ұлғаймақ. Алдағы екі жылда ІЖӨ өсімі тұрақты болады деп болжанып отыр. Еуразиялық экономикалық одақ құрылғалы бері ұйым елдерінің бір-біріне салған тікелей инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асты. Қазақстанға келген инвестиция жеті еседей өсті (2015 жылы 600 миллион доллар, 2024 жылы – 4 миллиард доллар). Өнеркәсіп өнімі 29 пайыз артып, 1,5 триллион долларды құрады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент ЕАЭО-ның экономикалық әлеуетін одан әрі нығайту қажет екеніне назар аударып, интеграциялық бірлестікті дамытудың басым бағыттарын айқындады.

– Әлем жаппай цифрлық трансформация мен жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Уақыт ағымынан қалмай, заманауи технологияларды ЕАЭО-ға мүше елдер экономикасының барлық саласына енгізу қажет деп санаймын. Жасанды интеллект технологиясын ЕАЭО қызметіне енгізе бастауды ұсынамыз. Атап айтқанда, мұндай жүйелерді сауда ағынын жоспарлауға және кедендік баж салығының ықпалын бағалауға қазірдің өзінде пайдалануға болады. Келесі жылы Қазақстан ұйымға төрағалығы аясында дәстүрлі Еуразия экономикалық форумын өткізеді. Осы жиында Экономикалық одақ кеңістігінде Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану туралы бірлескен мәлімдеме қабылдауға болар еді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, мемлекеттер алдында салмақты шешім мен үйлесімді әрекетті талап ететін күрделі міндеттер тұрғанына назар аударды.

Президент келесі жылы Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық ету миссиясы Қазақстан Республикасына өтетінін еске салды. Мемлекет басшысы еліміз жаңа табысқа қол жеткізіп, бірлестік елдерінің игілігін еселеу үшін нәтижелі жұмыс жүргізуге ниетті екенін жеткізді. Президент Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы 28-29 мамырда Астанада өтетінін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым төрағасы міндетін табысты атқарғаны үшін Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкоға алғыс айтты.

Сонымен қатар саммитке Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, сондай-ақ Индонезияның, Иранның және Кубаның өкілдері қатысты.

Жиын қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданды.