Қазақстан мен ExxonMobil компаниясы мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

0
36

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов ExxonMobil компаниясының аға вице-президенті Питер Ларденмен мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесу өткізді. Теңіз, Қашаған және Каспий құбыр консорциумы сынды бірлескен жобаларына қатысты бірқатар мәселе талқыланды.

Премьер-министр Теңіз жағдайына байланысты алаңдаушылық білдірді. Қысқа мерзімде апат салдарын жедел жою және болашақта осындай оқиғалардың алдын алу үшін қажетті шараларды қабылдау бойынша жеделдетілген жұмыстың маңыздылығы атап өтілді.

Тараптар сондай-ақ Каспий құбыр консорциумы төңірегіндегі жағдайды талқылады. Олар маңызды инфрақұрылымдық нысанның тұрақты жұмыс істеуіне ортақ қызығушылық танытты.

Сонымен қатар кездесу барысында көмірсутек кен орындарын игеру тиімділігін одан әрі арттыру шаралары қаралды. Геологиялық барлауды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл бағыттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында қойған міндеттеріне жауап береді.

Кездесуге қатысушылар осы жылға арналған өндірістік жоспарларға да назар аударды. 2025 жылы Келешекте кеңейту жобасының аяқталуына байланысты Теңіз кенішінде мұнай өндіру 39 млн тоннадан астам, Қашағанда – 18 млн-нан астам тоннаны құрады. Каспий құбыр консорциумы арқылы энергия ресурстарын жөнелтудің жалпы көлемі 70,5 млн тоннаны құрады, оның ішінде қазақстандық мұнай – 63,8 млн тонна.

Сонымен қатар, Питер Ларден Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасеновпен кездесті.

Тараптар геологиялық барлау, мұнай тасымалдау және инновациялық өндіріс технологияларын енгізу саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Компаниялар арасында қол қойылған құпиялылық туралы келісімге сәйкес, ExxonMobil қазіргі уақытта Қазақстандағы перспективалы барлау учаскелерін мұқият зерттеп жатыр.

«Жер қойнауы учаскелерінің әлеуетін анықтау үшін терең барлау және өндіру саласындағы сараптама өте маңызды. Ресурстық базаны толықтыру стратегиясын жүзеге асыруды ескере отырып, ҚМГ ExxonMobil компаниясын Қазақстандағы перспективалы активтерді дамыту бойынша стратегиялық серіктес ретінде қарастырады. Бүгінде компаниялар барлық негізгі салаларда өнімді жұмыс істеп жатыр. Мен бұл өзара тиімді ынтымақтастық тек нығая түсетініне сенімдімін», — деп атап өтті Хасенов.

Тараптар сондай-ақ қазақстандық мұнайдың қосымша экспорттық бағыттарын дамыту мәселесін талқылады.

Кездесуде сондай-ақ 2025 жылы ҚМГ мен ExxonMobil арасында мұнай-газ саласындағы жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы қол қойылған келісімге сәйкес одан әрі практикалық қадамдар талқыланды.