Қазақстан экономикасына салынатын инвестициялар ағынын ұлғайту жөніндегі шаралар талқыланды

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов жаңа инвестициялық циклды жүзеге асыру мәселелері бойынша Мемлекет басшысы қойған міндеттер шеңберінде Дүниежүзілік банктің Орталық Азия жөніндегі директоры Наджи Бенхассин бастаған халықаралық сарапшылармен кездесу өткізді.
Талқылауға Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Президенттің кеңесшісі – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев, Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және тағы басқалар қатысты.
Кездесу барысында табысы жоғары экономикаға көшу, экономиканың өнімділігі мен тиімділігін арттыру, инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру және жасанды интеллект, қаржыландырудың заманауи құралдары сынды стратегиялық мәселелер бойынша пікір алмасылды. Бұл бағыттар экономикалық өсудің анағұрлым бәсекеге қабілеттілігімен және оның технологиялық моделін қалыптастыру міндетімен тікелей байланысты. Ал өз кезегінде, түрлі салаларда жүргізіліп жатқан реформалар инвестицияларды ұлғайту жөніндегі күш-жігерді толықтырады.
Кездесуді аша отырып, Олжас Бектенов Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру қарқынын арттыруға және инвестициялық ахуалды одан әрі жақсартуға басымдық беретінін атап өтті. Жаңа Конституцияның қабылдануымен Қазақстан өзінің дамуының жаңа кезеңіне көшуде. Инвестициялық саясат және инвестициялар тарту экономикалық өсудің тұрақты динамикасын қолдаудың, инфрақұрылымды жаңғыртудың, технологияларды жаңартудың және өнімділікті арттырудың негізгі факторлары болып отыр.
«Мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі көбінесе экономикалық саясаттың сапасы, институционалдық өзгерістердің жылдамдығы, сондай-ақ болжамды және тартымды іскерлік орта қалыптастыру қабілетімен айқындалады. Президент тапсырмасы бойынша Қазақстанда инвесторлармен өзара іс-қимылдың тұтас архитектурасы құрылуда. Яғни, капитал тарту үшін шет елдерде сыртқы контурды күшейтуден бастап инвесторлардың құқықтарын қорғауды нығайту әрі ел ішіндегі жобаларды қолдаудың тиімділігін арттыруға дейінгі кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Барлық қабылданған шешімдер Қазақстан азаматтарының табысын арттыруға және олардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
ҚР Премьер-министрі Дүниежүзілік банк өкілдерін инвестиция тарту мақсатында құрылған еліміздегі экожүйе туралы хабардар етті. Жаңа шаралардың қатарында инвесторлар мен жоғары білікті мамандарға қызметі барысында жағдай жасау үшін «Алтын виза» деп аталатын визалық режимді енгізу, бірлескен бастамаларды тиімді ілгерілету үшін Үйлестіру кеңесінің рөлін күшейту бар.
Кездесуге қатысушылар ағымдағы ахуалға сарапшылық көзқарастарын білдіріп, әлемдік үрдістер жағдайында тікелей шетелдік инвестициялар ағынын арттыру бойынша бірқатар ұсыныстар айтты.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметтің жаңа белсенді инвестициялық саясатты жүзеге асырып жатқанын атап өтті. 2025 жылы Қазақстан бір жыл бұрынғы $17,9 млрд-пен салыстырғанда $20,5 млрд инвестиция тартты. Сонымен қатар, экономикалық дамудың жаңа моделіне көшу шеңберінде еңбек өнімділігін арттыру, технологияларды енгізу және адами капиталды дамыту жөнінде шаралар қабылдануда. Басым бағыттардың қатарында көмір химиясы, мұнай-газ химиясы, химия өнеркәсібі, металлургия, АӨК өнімдерін қайта өңдеу, туризм және фармацевтика көрсетіліп отыр. Сондай-ақ, бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін әлемдік жетекші компанияларды тарту жұмыстары жүргізілуде.
Кездесуді қорытындылай келе, Премьер-министр қатысушыларға мазмұнды диалог пен сындарлы ұсыныстары үшін алғысын білдірді. Жауапты мемлекеттік органдарға әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында айтылған ұсынымдарды бекіту тапсырылды.
«Үкімет өзара тиімді серіктестікті арттыруға бағытталған ұсыныстарға қашан да ашық. Бүгінгі кездесу қазіргі жағдайда жеке сектордың белсенді қатысуы мен сапалы институционалдық ортаны, бәсекелестікті дамытуды және инновацияларды енгізуді қамтамасыз етпейінше тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу мүмкін емес екенін тағы да растады. Ағымдағы сессияның қорытындысы біздің барлық саладағы бірлескен жұмысымызға жаңа серпін беретініне сенімдімін», — деді Олжас Бектенов.
