Мемлекет басшысы мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі

Президент, ең алдымен, салтанатты іс-шараға қатысушыларды Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтады.
– Бұл – еліміз үшін мән-маңызы айрықша мереке. Мәдениет – халқымыздың ұлттық болмысы мен рухани дербестігінің арқауы екенін бәріміз жақсы білеміз. Мәдени және рухани дүниесін сақтай білген елдің мәртебесі биік, мерейі үстем болары айқын. Сіздер осы игі мақсат жолында табанды жұмыс істеп келесіздер. Қоғамымыз бұл еңбекті жоғары бағалайды. Бүгін мен кәсіби мереке күні еліміздегі барша мәдениет және өнер саласы мамандарына шынайы алғысымды білдіремін! Қазақ – өнердің киесін ұғатын, өнерпаздың қадірін білетін жұрт. Біз ерекше дарын иелеріне әрдайым лайықты құрмет көрсетеміз. Жұртымыз «Өнердің өрісі кең» деп сіздерді қашанда қадірлеген. Міне, бүгінгі жиын да соның бір көрінісі. Шын мәнінде, руханияты бай елдің ойы озық, болашағы жарқын болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент төл мәдениетіміз түркі өркениетінің ажырамас бөлігі саналатынын жеткізді.
– Мен биыл Ұлыстың ұлы күнінде киелі Түркістан жерінде мемлекеттік наградалар қатарына Qoja Ahmet Yasaui орденін енгізу туралы маңызды бастама көтердім. Бұл марапат Қазақстанның дамуына айрықша еңбек сіңірген еліміздің және шетелдің белгілі ғалымдарына, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне берілетін болды. Осы жоғары марапатты өткен аптада бірінші болып Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға және осыдан екі күн бұрын ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры Одрэ Азуле ханымға табыстадым. Азуле ханым кезінде Қазақстан мен ЮНЕСКО-ның ынтымақтастығын нығайтуға зор еңбек сіңірді, әсіресе, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қатысты жұмысқа белсене атсалысты. Мұны ерекше атап өткім келеді. Сондықтан біз түркі бірлігін нығайтуға, ұлт мәдениетін дәріптеуге мол үлес қосқан шетелдік әріптестеріміздің еңбегін әрдайым жоғары бағалаймыз. Сонымен қатар бүгін мен ұлт өнеріне елеулі үлес қосып жүрген бірнеше азаматқа пәтер кілтін табыстаймын. 2024 жылдан бастап осы күнге дейін мәдениет және өнер қайраткерлеріне жалпы саны 200 пәтер берілді. Бұл игі үрдіс міндетті түрде өз жалғасын табады. Баршаңызға құтты болсын! Төл өнеріміз өркендей берсін! Ұлт мәдениетінің мәртебесі әрдайым биік болсын! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Жарлығымен мәдениет саласындағы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ азаматқа мемлекеттік награда табысталды.
Марапаттау рәсімінде белгілі әнші Татьяна Бурмистрова, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының әртісі Бахтияр Қожа, түркиялық ғалым Кюршад Зорлу сөз сөйледі.
