Мәжіліс аграрлық ғылымды дамыту мәселелері туралы көшпелі отырыс өткізді

Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің базасында аграрлық ғылымды дамыту мәселелері жөнінде көшпелі отырыс өткізді.
Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, Ауыл шаруашылығы, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы, Ғылым қоры, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.
Отырысты жүргізген Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің хатшысы Еркебұлан Мәмбетов сөз басында іс-шараның маңыздылығына назар аударды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында агроғылымды дамыту және оның нәтижелерін іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажеттігі жөнінде үнемі айтады. 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында атап өткендей, бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатқанына қарамастан, аграрлық ғылымның қайтарымы әлі де төмен болып отыр. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейі 17 пайыздан аспайды. Бұл ретте, ғылым мен оның жетістіктерін пайдалану ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, оны жүйелі түрде дамытуға, ел экономикасының басты қозғаушы күшіне айналдыруға жол ашады, – деді депутат.
Жиында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің зерттеу қызметі жөніндегі проректоры Сәрсенбай Абдрахманов білім ордасының ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметі тақырыбында баяндама жасады.
Депутаттар сондай-ақ университеттің аға оқытушысы, «Nutri Tech» ЖШС бас директоры Жұлдыз Сатаева мен оқу орнының профессоры Гүлмира Жақыпованың баяндамасын тыңдады.
Талқылау бөлімінде депутаттар аграрлық ғылымды коммерцияландыру және оның жетістіктерін өндіріске енгізу, сала мамандарының біліктілігін жетілдіру, төрт түлік малды асылдандандыру, мал өнімдерінің көлемі мен сапасын арттыру, омарта шаруашылығын дамыту, шетелден сатып алынатын тұқымды отандық өніммен алмастыру мәселелеріне қатысты ойларын ортаға салды.
Депутат Жигули Дайрабаев сала мамандарын ауылдық жерлерге тарту және тұрақтандырудағы проблемаларға тоқталды.
Депутат Аманжол Әлтай аграрлық ғылымды дамытуда жергілікті ерекшеліктерді ескеру, грант қаражатын бөлу мерзімінің ұзақтығы және ғылыми жұмысқа берілетін уақыттың тым қысқалығы сынды мәселелерді ортаға салды.
Басқа да депутаттар жиынға қатысқан мемлекеттік органдардың өкілдеріне салаға қатысты өзекті сауалдар қойды.
Талқылау барысында ғылыми және инновациялық жетістіктерді өндіріске кеңінен енгізіп, аграрлық ғылымды ауыл шаруашылығының басты қозғаушы күшіне айналдыру бағытындағы ауқымды мәселелер көтеріліп, оларды шешу жолдары жан-жақты қарастырылды.
Отырыста айтылған ұсыныстар жүйеленіп, Үкіметке жолданатын болады.
Сондай-ақ іс-шара аясында университет базасында Агроазық-түлік аналитикасы және консалтинг технологияларының оқу-ғылыми орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Депутаттар назарына университеттің ғылыми жетістіктері мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері туралы көрнекіліктер қойылған көрме ұсынылды.
Іс-шараға қатысушылар Агротехнопарк зертханаларын аралап, ғылыми зерттеулермен және жобалармен танысты.
