Қазақстан электрондық үкімет бойынша әлемнің ең үздік 25 елінің қатарына кірді

Қазақстан Республикасының Үкіметі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі (ЖИЦДМ) арқылы елімізді технологиялық тұрғыдан трансформациялауға бағытталған ауқымды жұмысты қолға алды.
2026 жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмаларына сәйкес жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы іргелі іс-шаралар кешенін жүзеге асыру кезеңінің бастауына айналды. Биыл 8 стратегиялық бағыт пен 100 бастамадан тұратын іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруға басымдық берілді. Бүгінде Үкімет мемлекеттік қызметтерді түпкілікті цифрландыру және GovTech 3.0 моделіне көшумен қатар, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытып, IT саласына жүйелі қолдау көрсетуде, серпінді салалық жобаларды іске қосып келеді.
Аталған жұмыстың негізі – Ауқымды цифрландырудың және жасанды интеллект технологияларын жаппай ендірудің 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы. Құжат озық тәжірибені жүйелеуге және оны экономиканың барлық негізгі саласына кеңінен енгізуге бағытталған. Жасанды интеллектіні толық енгізу, өнеркәсіпті, жер қойнауын пайдалану саласын, логистика мен энергетиканы цифрлық трансформациялау нәтижесінде 2029 жылдың соңына қарай жалпы ішкі өнімнің жылдық өсіміне қосымша орта есеппен 1,5 пайыздық тармақ деңгейінде үлес қосады деп күтілуде. Сонымен қатар Үкімет бағалауынша, үш жылдық кезеңдегі салыстырмалы нарықтық инвестициялардың болжамды көлемі $10,5 млрд-тан $16,5 млрд-қа дейінгі аралығында болады.
Шымкент қаласында «Индустрия 5.0: Өзара әрекеттесудің күші» тақырыбында өткен Digital Qazaqstan 2026 халықаралық цифрлық форумы табысты аяқталды. Іс-шара мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастықтың, инвесторлар мен сарапшылардың басын қосып, ел экономикасын технологиялық және жасанды интеллект негізінде дамыту мәселелерін талқылайтын негізгі алаңға айналды.
Цифрландыру, инновациялар және аэроғарыш саласын дамыту бағытындағы негізгі нәтижелер мен алдағы жоспарлар туралы Primeminister.kz редакциясының шолуынан оқи аласыздар.
Институционалдық орта және цифрлық құқықтарды қорғау
Жаңа құқықтық негіз қалыптастырудағы маңызды қадам – аймақтағы алғашқы мамандандырылған акт саналатын Жасанды интеллект туралы заңның қабылдануы. Құжат мемлекеттік басқару, әлеуметтік саясат, білім беру және денсаулық сақтау сияқты салаларда ЖИ пайдалану кезінде алгоритмдердің ашықтығына, тәуекелдерді басқаруға және азаматтардың құқықтарын қорғауға қойылатын негізгі талаптарды айқындайды.
Осы бағыттағы жүйелі жұмыстың жалғасы ретінде 2026 жылғы 9 қаңтарда Цифрлық кодекс қабылданды. Кодекстің қабылдануымен ел жекелеген цифрлық шешімдерден жүйелік цифрлық трансформация кезеңіне көшуде. Алғаш рет цифрлық құқықтар кешенді түрде заңнамалық деңгейде бекітілді. Азаматтарға дербес деректерді жою, анонимизациялау және оларды өңдеуді шектеу құқығына заң деңгейінде кепілдік беріледі. Биометриялық сәйкестендіруді қолдануға тек заңнамада қатаң көзделген жағдайларда ғана жол беріледі.
Жасанды интеллект саласындағы ұзақмерзімді мемлекеттік саясатты үйлестіру мақсатында 2025 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан құрылған Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Оның құрамына ғылым, білім және бизнес салаларындағы әлемге танымал көшбасшылар енген.
Үкіметтің жүргізіп отырған саясаты халықаралық бағалаулар арқылы өз тиімділігін көрсетуде. OpenAI талдауына сәйкес, Қазақстан Орталық Азия елдерінен көш ілгері озып, жасанды интеллектіні енгізу деңгейі жоғары мемлекеттердің қатарына енді (Қырғызстан 52-ші, Өзбекстан 58-ші орында). Сонымен қатар Dealroom бағалауы бойынша отандық IT-экожүйе Rising Stars санатындағы ең қарқынды дамып келе жатқан он экожүйенің қатарына кірді. Соңғы бес жыл ішінде Astana Hub резиденттерінің жиынтық табысы $4,9 млрд-ты құрады, ал тартылған инвестициялар көлемі $910 млн-нан асты.
