Қазақстан Президенті ірі шетелдік компаниялардың өкілдерімен кездесулер өткізді

0
10

Мемлекет басшысы General Atlantic төрағасы және бас директоры Уильям Фордты қабылдады. Әңгімелесу барысында инвестициялық ынтымақтастық перспективасы, сондай-ақ елімізде технология секторы мен жасанды интеллект экожүйесін дамыту мәселелері талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен цифрлық трансформация ел дамуындағы басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Осыған орай жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін шетелдің жетекші инвесторлары мен технологиялық компанияларын тарту маңызды.

Президент Қазақстанда жаңа технологиялық экожүйе қалыптасып жатқанын айтты. Оның құрамына  Astana Hub, Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы, Qazaq AI Research University кіреді. Мемлекет басшысының айтуынша, аталған экожүйені дамыту Higgsfield AI секілді әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті технологиялық компаниялардың пайда болуына септігін тигізеді.

Өз кезегінде Уильям Форд Қасым-Жомарт Тоқаевқа General Atlantic компаниясының қаржы технологиясы, электрондық коммерция, бағдарламалық жасақтама және жасанды интеллект салаларындағы жедел дамып келе жатқан компанияларға, сондай-ақ энергетикалық және цифрлық инфрақұрылымға инвестиция құю мүмкіндіктері туралы айтты.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті мен General Atlantic төрағасы Екібастұзда жүзеге асырылатын «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасына назар аударды. Осы орталық аясында жасанды интеллектіге, «бұлттық» есептеулерге және цифрлық сервистерге арналған ірі инфрақұрылым алаңы жасалады. Қазіргі таңда General Atlantic компаниясы аталған жобаға қатысуға қызығушылық танытып отыр.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы NVIDIA компаниясының вице-президенті Рев Лебаредянмен кездесті. Кездесуде жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және есептеу инфрақұрылымы салаларындағы ынтымақтастықты дамыту перспективасы талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің жаһандық экожүйесін қалыптастыруда NVIDIA компаниясының рөлі айрықша екенін айтты. Сонымен қатар жасанды интеллектіні Қазақстан экономикасының басым салаларында қолдану аясын кеңейтудің маңызын атап өтті.

Мемлекет басшысы мен NVIDIA компаниясының вице-президенті өзара тиімді ынтымақтастықтың берік негізі қалыптасқанына назар аударды. Атап айтқанда, Қазақстанда NVIDIA технологиясының базасында екі суперкомпьютер кластері іске қосылды.

Кездесуде Екібастұзда «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасын жүзеге асыруға баса мән берілді. Жоба қуаттылығы шамамен 30 МВт болатын есептеу инфрақұрылымын қалыптастыруды көздейді. Кейін оның көлемін 1 ГВт-қа дейін арттыру жоспарланған.

Президент осы бастаманы табысты жүзеге асыру үшін NVIDIA және Firebird компанияларымен жасалған келісімдердің маңызына тоқталды.

Рев Лебаредян Қазақстандағы жасанды интеллект инфрақұрылымының даму барысын жоғары бағалап, NVIDIA компаниясының «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасының келесі кезеңіне қатысуға ниетті екенін жеткізді.

Бұдан бөлек, Қазақстанның кадрлық әлеуетін және технологиялық экожүйесін дамыту мәселелері қарастырылды.