Жаңа өндіріс орындары ашылды

0
22

Еліміздің өңірлерінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өнеркәсіпті дамытуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған тапсырмаларын жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда. Өткен аптада бірнеше облыста жаңа өндіріс орындары іске қосылып, республикалық маңызы бар автомобиль жолын жаңғырту жұмыстары аяқталды, тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Сонымен қатар спорт инфрақұрылымы кеңейтіліп, қоғамдық орындар абаттандырылды.

Жетісу облысының Алакөл ауданына қарасты Екпінді ауылында айына 1,8 мың тоннаға дейін өсімдік майын өндіретін кәсіпорын іске қосылды. «New Silver Central Asia Grain & Oil» ЖШС-нің жобасында жергілікті өндірушілер ауыл шаруашылығы шикізатын өңдейді. Инвестиция көлемі 61 млн теңгеден асып жығылды, тұрақты жұмыс орындары ашылды. Жаңа өндіріс майлы дақылдарды өңдеу көлемін ұлғайтып, жергілікті шаруалар үшін қосымша өткізу нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Алматы облысының Іле ауданына қарасты М.Түймебаев ауылында жылына 400 тоннаға дейін балық өндіруге есептелген «Бақыт» балық өсіру кәсіпорны ашылды. Инвестиция көлемі 500 млн теңгені құрады. Шаруашылық арнайы торлы қоршауларда балық өсірумен қатар, балық шаруашылығына арналған торлы құрылымдар мен қосалқы бөлшектер шығарады. Кәсіпорын қазірдің өзінде 100 тоннадан астам балық өндіріп отыр. Алдағы уақытта өндіріс көлемін жылына 400 тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Өнім Қазақстанның алты өңіріндегі шаруашылықтарға жеткізіледі. Өндірісті кеңейтіп, жұмыс орындарының санын 15-тен 45–50-ге дейін арттыру көзделген.

Абай облысының Семей қаласында «Техноавиа – Қазақстан» компаниясы арнайы аяқ киім өндірісін іске қосты. Жаңа өндіріс жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның базасында ашылды. Мұнда 2023 жылдан бері арнайы және корпоративтік киім шығарылады. Тігін өндірісінің қуаты жылына 160 мың бұйымды құрайды, өнімнің шамамен 85%-ы экспортқа жөнелтіледі. Жаңа аяқ киім фабрикасында 30-дан астам жұмыс орны ашылды. Компания фирмалық сауда нүктесін де ашып, өңірдің алты ірі кәсіпорнымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.