Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласы тұрғындарымен кездесуінде айтты.

– Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайдан былтыр Стамбул және Кувейт бағытына тікелей рейстер ашылды. Қазіргі уақытта Мәскеу, Анталья, Дубай, Тбилиси, Ташкент және Самарқандқа рейстер ашуға Үкіметке ұсыныс енгіздік. Ішкі бағытта Астана мен Алматыға рейстер санын көбейту бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Осы жұмыстар нәтижесінде 2018 жылмен салыстырғанда Түркістанға келушілер мен туристер саны 4 есе артқан, — деді облыс әкімі.

Облыс әкімі былтырғы кездесулерде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің басым бөлігі шешілгенін мәлімдеді. Нақты айтсақ, Түркістанның ескі бөлігінде де инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жүріп жатыр. Былтыр «Отырар» мөлтек ауданындағы 68 көпқабатты тұрғын үйдің аумағында 5,3 гектар жерге гүлзар салынды. Үйлердің сыртына сәулеттік жарық шамдар орнатылды.

Сонымен қатар шаһардағы 17 шақырымды құрайтын 18 көшені орташа жөндеу үшін бюджеттен 1,6 млрд. теңге бөлінді. 64 шақырымды құрайтын 54 көшеде аяқжол салу үшін 1,4 млрд. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Былтыр І, ІІ шағынаудандарда 34 үйдің ауласын абаттандыру жұмыстары басталды. Биыл бұл жұмыстарды толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Кәріз жүйелерімен қамтамасыз етуге 9 жобаға, қаланың 272 көшесін жарықтандыруға қаржы қаралған.

Өңір басшысы тұрғындар тарапынан қойылған өзекті сұрақтарға жауап берді. Жеке қабылдауда да бірқатар мәселе айтылып, шешу жолдары айтылды.