Әкім құтқарған отбасы мүшелеріне медициналық қызмет көрсетілуде

Күні бойы әлеуметтік желілерде тараған видео көпшілікті алаңдатты. Бұл оқиға бүгін Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында болған. Шаян-Мыңбұлақ облыстық маңызы бар автожолда келе жатқан «ВАЗ-2106» автокөлігі қырдан аққан ағын судың екпінімен жолдан шығып кеткен. Автокөліктегі 39 жастағы ер азамат, 33 жастағы аяғы ауыр келіншек және 7 жастағы бала құтқарылды. Көлік үстінде қалған әйел мен баланы Бәйдібек ауданы, Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Әкімбаев беліне арқан байлап алып шыққан. Қайнарбұлақ елді мекенінің тұрғыны Нұрбекова Гүлназ Алпысқызы қазір аудандық орталық ауруханада, дәрігердің бақылауында. Бәйдібек аудандық орталық ауруханасы терапия бөлімінің меңгерушісі Нұржан Жұмағұловтың айтуынша, науқастың жағдайы бір қалыпты, болған жағдайдан шошып қалған. Жүктіліктің алғашқы кезеңі болғандықтан тұрақты бақылауда болады. Айта кетейік, қалың түскен қар енді ғана ери бастағанда облыс аумағында түнде басталған нөсер жауын судың тасқынын күшейтті. Алдын ала дайындық жұмыстары жүргізілгенімен сай-саладан келген су мен өзен арнасындағы судың көтерілуі кейбір елді мекендерге тасқын судың кіруіне алып келді. Қазір Бәйдібек ауданының әкімі Ержігіт Шәріпбеков бастаған әкімдік қызметкерлері, Төтенше жағдай қызметі және аудан тұрғындары мен ерікті жастар қауіптің бетін қайтару жұмыстарына барынша атсалысуда.