Сарыағаштағы шалғай ауылда жаңа дәрігерлік амбулатория салынып жатыр

0
203
Аудан әкімі Арман Абдуллаев ауыл тұрғындарының өтініші бойынша Қарақалпақ ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстарымен танысты.
Былтырғы есептік кездесуде ауыл тұрғындары амбулаторияның жоқтығынан, көп жылдан бері аудан орталығына барып, ем қабылдап жатқандығын жеткізген.
«Бүгінде аудан аумағында көптеген құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде, ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсарту мақсатында, дәрігерлік амбулатория құрылысына басымдық беріліп отыр. Нысан құрылысы аяқталған соң тұрғындар орталыққа бармай-ақ алғашқы медициналық көмекті осы дәрігерлік амбулаториядан алатын болады», — деді аудан басшысы.
Құрылыс жұмыстарының басында болған аудан басшысы жауапты мердігер мекеме басшысына бірінші кезекте құрылыс жұмыстарына қолданылып жатқан материалдардың сапасына аса мән бере отырып, нысанның құрылысын мерзімінен кешіктірмей аяқтау қажеттігін ескертті.
Былтыр аталған нысанның іргетасы қаланып, бүгінгі таңда шатырын жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Медициналық нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылған соң бір ауысымда 25 азаматқа медициналық алғашқы көмек көрсете алады. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.