Түркістанға ұлылар мекені Отырар ауданынан руханият көші келді

0
194
Бүгін киелі Түркістанға ұлылар мекені Отырар ауданынан руханият көші келді.
Көш шымылдығын «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Әділхан Мәліктің «Ұлы дала барысы» атты Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған тақырыптық кескіндеме сурет көрмесімен ашылды.
Шараға Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов, рблыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы, мекеме басшылары мен зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Тағылымды шара тізбегін Отырар халық театрының «Бейбарыс» қойылымына ұласты. Рахымжан Отарбаевтың туындысы Ғазиз Арыновтың режиссерлығымен сахналанды.
Облыстың құрылғанына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Отырар ауданының мәдениет күндері үш күнге жалғасады. «Visit Turkistan» орталығы алаңында 19:00-де «Өнерлі өлке – Отырар» атты аудан өнерпаздарының қатысуымен Гала-концерт өтеді.
Ал ертең, 29 сәуір күні сағат 10:00 мен 18:00 аралығында Этноауыл аймағында «Сырлы бояулар сыр шертеді» атты қылқалам шеберлерінің көрмесі және шеберлік сағаты, «Отырар – қазақ өркениетінің алтын діңгегі» атты аудан тарихынан сыр шертетін өлкетану көрмесі, 16:30-дa «Омартасы рухтың – Отырарым» атты ақындар айтысы, 30 сәуір күні сағат 10:00 мен 18:00 аралығында Этноауыл аймағында «Ұлттық ойын – ұлттың игілігі» атты ұлттық спорт ойындарынан сайыс, ауданның жетістіктері, ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңке-көрмесі, сонымен қатар «Ұлы дала дәстүрі» атты салт-дәстүр, әдет-ғұрып көріністері, қолөнер, сурет көрмесі мен «Алтыбақан» думаны өтеді.
Сәуір-шілде айларында өтетін фестиваль мақсаты – ұлттық мәдениет пен өнерімізді дамыту, Түркістанның туристік әлеуетін дамыту.