Түркістанда облыстық «Бал таңдай» өнер фестивалі өз мәресіне жетті

Бүгін Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен облыстың 5 жылдығына және 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Бал таңдай» облыстық балалар өнер фестивалі өз мәресіне жетті.
Өнер байқауы үш бағытта өтті. Атап айтқанда «Кел, билейік!» би өнері, «Менің туған жерім» жас суретшілер және эстрадалық ән айту жанрлары бойынша. Фестивальге облыстың барлық аудан, қалаларынан іріктелініп алынған жас талант иелері өнер көрсетіп, бақ сынады. Жас таланттарды анықтау, дарынды балаларға қолдау көрсету, республикалық, халықаралық байқауларға қатысуын қамтамасыз ету мақсатында өнер додасына мәдениет майталмандары мен кәсіби орындаушылар қазылық етті.
Қазылар алқасының шешімімен «Менің туған жерім» жас суретшілер байқауы бойынша түлкібастық Адина Жұмабекке бас жүлде бұйырды, ал шардаралық Жанерке Беримбетова — І орын, кентаулық Гүлсезім Оразбек пен Сайрамнан келген Назгүл Мұсабек — ІІ орын, келестік Айтжан Жолдасбек пен қазығұрттық Аятхан Абдуғани — ІІІ орын иегері атанды. Сонымен қатар, Маржан Дархан (Қазығұрт), Аружан Мұратбай (Түлкібас), Ернұр Үмбет (Түркістан), Әсел Асанбек (Сайрам), Зилола Сапаева (Сауран) мен Балтабек Шұғыла (Созақ) арнайы жүлдемен марапатталды.
Ал «Кел, билейік!» би байқауы бойынша Бас жүлде келестік «Таң нұры» би тобына бұйырды. «Шаттық» би ұжымы (Жетісай) — І орын, «Ақкербез» үлгілі би ансамблі (Сайрам) мен «Бақыт айдынында» (Отырар) — ІІ орын, «Тұмар» би тобы (Түркістан) мен «Наз» би тобы (Қазығұрт), «Рапсодия» халықтық би ансамблі (Кентау) мен «Кәусар» тобы (Түлкібас) — ІІІ орын иеленді. Сонымен қатар, «Мерей» би тобы (Сарыағаш), «Turkestan Special dance» би мектебі (Түркістан),«Тау сұлуы» би тобы (Түлкібас), «Ақсу ару» би тобы (Төлеби), «Жұлдыз» би тобы (Сайрам), «Ажар» балалар би орталығы (Ордабасы) мен «Аяна» би тобы (Жетісай) арнайы номинация иегері атанды.
Эстрадалық ән айту бойынша қазығұрттық Айтжан Сұлтан бас жүлде иегері атанды. Ал Кәусар Сәбитқызы (Түркістан) — І орынды, Данияр Құрманбай (Жетісай) мен Мадина Бекжанқызы (Қазығұрт) — ІІ орынды, Байдаулет Әбжан (Түркістан) мен Айару Жасұлан (Сарыағаш) — ІІІ орынды иеленді. Інжу Байшаева (Түркістан), Маржан Тұрар (Жетісай), Алина Даньяр (Кентау), Рахым Мустапа (Түркістан) мен Бексұлтан Алдаш (Сауран) арнайы жүлдемен марапатталды.