Түркістанда қазақ тілін меңгерген этнос өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқау өтті

Бүгін «Ұлы Дала Елі» орталығында Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы аясында этнос өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты облыстық байқау өтті.
Байқау мақсаты – Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын Түркістан облысында жүзеге асыру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, мемлекеттік тілді меңгерген белсенді этнос жастарын ынталандыру.
Шараны Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы ашып, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Облыста екі миллионнан астам халық болса, оның 24 % этнос өкілдері. Облыс халқының 95 % қазақ тілін меңгерсе, этнос өкілдерінің 74 % қазақ тілінде сөйлесе алады. Елімізде мемлекеттік тілге деген сұраныстың артуы, әсіресе жастардың мемлекеттік тілді оқып, үйренуге деген ынта-ықыласының күшеюі көңіл қуантады, – деді Мұқағали Кенжетайұлы.
Аталмыш байқауға Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, журналист, композитор Бекжігіт Сердәлі, Түркістан қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Роза Есбалаева және ақын, ұстаз Санжар Ғұлама қазылық етті.
Үш кезеңнен тұратын байқауға әр аудан, қалалардан озық деп танылған 15 үміткер бақ сынап, нәтижесінде Түркістан қаласынан қатысқан Севинч Каримжанова бас жүлде иегері атанды.