Келес ауданындағы елдімекендерде құдық қақпақтары жаңартылып жатыр

Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев ауылдық елдімекендерді аралап, жергілікті тұрғындармен кездескенде көтерілген мәселелердің бірі ашық жатқан құдықтар жайлы болған еді.
Одан бөлек, Түркістан облысының «iKomek 109» бірыңғай байланыс орталығына да хабарласып, ашық жатқан құдықтар жайлы құзырлы органдарды құлағдар еткен тұрғындар болды. Мәселенің өзектілігін ескерген аудан басшысы тиісті мекемелерге тапсырма беріп, өз бақылауына алды.
Нәтижесінде жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, Амангелді ауылындағы ауызсу құдықтарының жарамсыз және сынған қақпақтары сапалы және 25 тоннаға дейін қуаттылығы бар қақпақтарға ауыстырылды. Аталған жұмыстар «Келес қызмет» мекемесі тарапынан жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ, бүгінде аудандағы елдімекендердегі құдық қақпақтары жаңартылып жатыр. Оның ішінде Амангелдіде 75, Жолбасшыда 90, Көкбұлақта 110, Көлтоғанда 12, Бірлесу елдімекендерінде 65 құдық қақпақтарына жаңарту жұмыстары жүргізілмек.
«Келес ауданында қатердің алдын алу үшін аудан аумағындағы құдықтардың қауіпсіздігін қадағалауды күшейтіп жатырмыз. Соның нәтижесінде аудан көлемінде құдық қақпақтарының қауіпсіздігі тұтастай тексеріліп, ашық қалған құдықтардың қақпағы жабылды, сынған қақпақтар ауыстырылып жатыр. Алдағы уақытта Қошқарата, Жүзімдік, Бірлесу ауылдық округтерінде жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылады», — дейді «Келес қызмет» мекемесінің директоры Байтуған Керінбаев.
Айт кетейік, орнатылып жатқан қақпақтар сапалы әрі берік болуы үшін оларды бірнеше қабаттайды. Тіпті, адам аяғының астында жатып, сынып кетсе, ұстап қалатын арнайы тор да қарастырылған. Осылайша құдық желісін жауып тұратын қақпақ ұзақ уақытқа дейін шыдайды дейді мамандар.