«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» ЖӘРМЕҢКЕСІНДЕ 15-КЕ ЖУЫҚ ОТАНДЫҚ КӘСІПОРЫН ӨНІМДЕРІН ҰСЫНДЫ

0
121
Бүгін Шымкентте «Мектепке жол» акциясы аясында отандық өнімдердің ауқымды жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде 15-ке жуық кәсіпорын өз өнімін ұсынды. Былғары аяқ киім, сөмкелер, ақ жейде мен шұлықтар, мектеп формасының сапасы бағалы түрік тауарларнынан кем түспейді. Ал бағасы қалтаға қонымды. Шымкент қалалық білім басқармасы мен кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы бірлесе ұйымдастырған жәрмеңкеде кәсіпкерлер өнімдерін зауыт бағасымен ұсынды.
—Бүгінгі іс-шараның мақсаты — отандық өнімді қолдау. Сондай-ақ жаңа оқу жылы қарсаңында отбасыларға да үлкен жеңілдік деп білемін. Себебі өндірушілер біріншіден сапалы өнімдер ұсынуда, екіншіден бағасы қалатаға қонымды. Оның үстіне мұндай жәрмеңкелер базар өнімдеріне бәсекелестік орнатып, бағаның шарықтауына жол бермейді, — дейді кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиев.
Жәрмеңкеде мектеп формасы мен кеңсе тауарларынан басқа төсек жаймалары, сүлгілер, бет орамалдар да сатылуда.«Гаухартас» және «Әбдиев» тігін фабрикасы тіккен мектеп формалары көпшіліктің көңілінен шықты. Айта кетейік, мектеп тауарларының жәрмеңкесі 19-шы тамызға дейін Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда жалғасатын болады.