Д.Сатыбалды: «Шұбарсудың өз бренді болу керек»

Ордабасы ауданындағы есептік кездесуден кейін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аймақтағы проблемаларды тұрғындармен ақылдасып, бірлесе шешу үшін ауылдарды аралады. Халықты толғандырған мәселелерді заң аясында шешу жолдарын түсіндіріп, атқарылған жұмыстарды баяндады.
Ордабасы ауданы, Шұбарсу елді мекенінің халқымен кездескен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ауыл тұрғындарының талап-тілегін тыңдап, өңірде қолға алынып жатқан жаңа жобалар жайлы айтып берді. Тұрғындар әлеуметтік мәселелерді көтерді. Инфрақұрылым, жұмыс орындары және кәсіпкерлерге көмек туралы айтылды. Облыс әкімі тұрғындар көтерген барлық мәселе жіті назарда болатындығын жеткізді. Ауылға халыққа қызмет көрсету орталығының қажеттігін айтты. Дархан Сатыбалды тұрғындар тілегін құптады. Сондай-ақ ауыл тұрғындары өндіріс орындарын, тігін фабрикасын ашып, жұмыс орындарын көбейту туралы айтты.
— Облыста өндіріс саласын дамыту мәселесі біздің ұдайы назарымызда. Шұбарсудың өз бренді болу керек. Дәл осы саланы дамытуды ұсынамын. Кәсіпкерлерді тартып, зауыт, фабрика, цехтар ашуға күш салу керек. Еңбекқор халқымыз кез-келген салада нәтижелі жұмыс көрсететініне сенімдімін, — деді облыс әкімі Д.Сатыбалды.