Түркістанда республикалық «Түркістан – фотографтар көзімен» атты фестиваль өтті

Түркістан облысының 5 жылдығына орай Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен республикалық «Түркістан – фотографтар көзімен» атты фестиваль өтті.
Ел ішіндегі фотографтарға қолдау көрсетумен қатар, жаңарған рухани астананың көрікті жерлерін фотоға түсіруді мақсат еткен фестивальге еліміздің түкпір-түкпірінен белгілі кәсіби мамандар қатысты. Фотографтардың еңбектері арнайы көрмеге қойылып, көпшіліктің назарына ұсынылды. Шараға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы фестиваль қатысушыларына шаһар басшысының ізгі тілегін жеткізіп, алғыс білдірді. Сонымен бірге, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев фотографтарға шығармашылық табыс тіледі.
Салтанатты шара барысында барлық қатысушылар марапатталып, сый-сияпат табысталды. «Түркістан-фотографтар көзімен» фотокөрмесі Оқушылар сарайында 26-қарашаға дейін жалғасады.