Әуесқой футбол лигасының чемпиондары анықталды

0
107

 

 

«Спортпен шұғылдануға уақыт жетпейді» деушілерге спорт пен еңбектің егіз екендігін, екеуін де бірдей алып жүруге болатынына өзгелердің де көзін жеткізуге болады. Кез келген жаста, кез келген уақытта спортпен айналысуға ештеңе де кедергі емес. Бүгінде рухани астана Түркістан тек туристік қана қала емес спортшылар қаласы да болды. Облыс орталығы бұқаралық спортты дамытуда бүгінде көш басында тұр. Жуырда футболдан әуесқойлар арасында чемпионат өткізу дәстүрге айналған. Бүгінде облыс орталығының тұрғындар саны 300 мыңға жуықтап қалды. Қазіргі таңда түркістандық тұрғындардың 35 пайызы бұқаралық спортпен айналысады. Соңғы жылдары салынған қаладағы спорттық нысандар да спортшылардың қатарының артуына сеп болуда. Соның арқасында рухани астанада бұрын соңды болмаған спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік туып отыр. Жуырда Түркістанда кіші футболдан өткен әуесқой лига ойындарының жеңімпаздары марапатталды. Түркістан қаласы бойынша өткен жарыста 94 команда бақ сынады. Дода 2023 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында өтті. Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне шаһар басшысы Нұрбол Тұрашбеков қатысып, ізгі тілегін арнады.

– Өткен жылды спорт саласы бойынша қаламыз жарқын жетістіктермен аяқтаған болатын. Бүгінде қаламызда 260-тан аса спорт нысаны тұрғындар игілігіне жарап тұр. Бұл нысандардың қатарын көбейтіп, әуесқой спортсүйер тұрғындар мен спорт саласына қолдау жалғасып, ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда, – деді қала әкімі өз сөзінде.

2023 жылдың әуесқой футбол лигасының күз — қыс маусымында суперлига бәсекесінде бірінші орынды «FC Allo.Pizza.kz» командасы еншілесе, «Яссы город» пен «Joldyn asty» командалары екінші және үшінші орындарды бөлісті. 35+ лигасында бірінші орынды «LFK Naqyp Altyi» командасы жеңіп алды. Екінші орынды «Түркістан MARKA.KZ» командасы еншілесе, «Жамағат» командасы үшінші орынға ие болды.