Оқушылар музейге экскурсия жасады

0
194

 

 

Түркістан облыстық Тарихи-өлкетану музейінің аудандардағы филиалдары бүгінде ауқымды жұмыстар атқаруда. Мұнда ғылыми-зерттеу жұмыстарынан бөлек, ағартушылық бағыттағы жұмыстар да қоса жүргізіледі. Әсіресе жас өскін жас ұрпаққа өлкеміздің өткен тарихын таныту басты мақсат болып отыр. Осыған орай жуырда облыстық тарихи-өлкетану музейінің Түлкібас ауданындағы Тұрар Рысқұлов атындағы филиалы аудандағы мектеп оқушыларына арнап арнайы экскурсия ұйымдастырды. Болашақтың тұтқасы бүгінгі жас өскіндер музейді қызыға тамашалады. Әр тарихи жәдігердің тарихын қызыға тыңдады. Музей қызметкерлері оқушыларға барлық жәдігерлермен егжей-тегжейлі таныстырып шықты. Сонымен, Тақиялытөбе қалашығы – VIII-XII ғғ. «Алаңды төбе» Шақпақ баба ауылынан 4 км оңтүстік-шығыста, тереңдігі 10-15 м, ені 30-45 м келетін екі сайдың ортасындағы тегіс жерде орналасқан. 2003 жылы ХҚТУ ТАЭ (М.Елеуов) ашып, зерттеген. Ескерткіштің үстінде XX ғ. зираты бар алаңның батыс, оңтүстік және шығыс жиектерінде ескі арықтың ізі сақталған. Алаңның оңтүстік бөлігіне салынған көлемі 6х1 м қазба табиғи жерге (1,1 м) дейін қазылды. Қазбадан табылған ыдыс сынықтары аз, олардың қатарында шарықта жасалған құмның, су тасуға арналған көзенің сынығы бар.

Елтайтөбе қалашығы – X-XVII ғғ. Ауылдың оңтүстік-батысында, Қарабастау өзенінің сол жағалық аллювиальды жарқабағына орналасқан. 1981 ж. Шымкент пединституты экспедициясының археологиялық тобы (А.Н.Подушкин) ашып, зерттеген. Ескерткіш үш бөліктен тұрады: оңтүстік солтүстікке қарай созылып жатыр, оның шығыс жағы тік болып келген, батыс, солтүстік және оңтүстік жақтарын қоршап жатқан ордың ені 15-20 м, оның екі тармағы Қарабастау өзенімен жалғасқан. Ескерткіштен тимуридтер кезеңінің бояулы, бояусыз ыдыстары (құм, асханалық құтылар, табақ, кесе) табылды. Қазба жүргізілген жоқ.

Азаттықтөбе қалашығы – VIII-XI ғғ. Азаттық ауылының шығыс шетінде, Арыс өзенінің сол жағасында, Құлан өзенінің құяр жерінің қарсысында, бұлақтардың ортасында орналасқан. 2002 ж. ХҚТУ ТАЭ (М.Елеуов) географиялық координаттарын анықтап, суретке түсіріп, ыдыс сынықтарын жинаған. Қаланың үстіндегі зираттардан, төңірегінен табылған бояулы, бояусыз ыдыстар негізінде қарлұқ-қарахан (VIII-XI ғғ.) кезеңі.

Төрткүлтөбе қалашығы – 8-12 ғғ. Шарапкент ауылының батыс шетінде, Балықты өзенінің сол жағасында, оның Арыс өзеніне құяр жерінен 0,8 км шығыста орналасқан. 1914 жылы Төрткүлтөбе туралы В.Городцкий жазған. 1940 ж. Жамбыл археологиялық бекетінің экспедициясы (Г.И.Пацевич) қаланың жобасын түсіріп, зерттеген. 1982 ж. Шымкент пединституты экспедициясының археологиялық тобы, 1997 ж. ХҚТУ ТАЭ (М.Елеуов) Төрткүлтөбеде болып, зерттеген. 2002 ж. ХҚТУ ТАЭ (М.Елеуов) қаланың құрылымын зерттеп, цитадельде (қазба 1, кесік) және Шахристаннан оңтүстік-шығыста 50 м жерде қазба (қазба 2) жүргізген. 2002 жылы Төрткүлтөбе қаласында жүргізілген қазба кезінде табылған заттардың маңызы ерекше, олардың қатарында: әртүрлі үлгідегі бояулы, бояусыз ыдыстар (әсіресе құмдар мен құмшалардың бірнеше үлгісі көңіл аударарлық); тастан жасалған ладье тәрізді дән үккіштер, қол диірмендер, диірмен тастар, ою-өрнекті және эпиграфиялық жазу бар тас келілер, келсаптар және қалашықтың бұзылған бөліктерінен табылған астаулар, салтанатты сарайлардың ұстындары, ұстынның тұғыры бар. Төрткүлтөбеден табылған осындай заттар, ауыл тұрғындарында және Шарапкент, Балықты ауылдарының мектептеріндегі музейлерде сақталған. Осы үлгідегі заттар Оңтүстік Қазақстанның басқа ортағасырлық қалаларында кездеспеген, соған қарағанда, бұл қала кезінде ірі Оңтүстік Қазақстанның (шығыс бөлігіндегі) саяси, экономикалық және мәдени орталық болса керек.

Керейт қалашығы – VI-X ғғ. Арыс өзенінің оң жағасындағы Ақтас бұлағының сол жағасында орналасқан. 1981 ж. Шымкент пединституты экспедициясының археологиялық тобы (А.Н.Подушкин) ашып, зерттеген. 2002 ж. ХҚТУ ТАЭ (М.Елеуов) географиялық координаттарын анықтап, суретке түсірген. Қалашықтан жиналған ыдыстардың қатарында әртүрлі мақсатқа пайдаланылған ыдыстар (құм, құмша, су тасуға арналған көзелер, ас әзірлеуге арналған және асханалық құтылар) бар. Ыдыстардың сыртында саусақпен қысып салынған іздер, ыдысты күйдіргенге дейін сызған сызықтар, әртүрлі ангоб (сұрғылт, қоңыр) жағылған және шарық бедері бар. Қазба жүргізілмеген.

Музейге келген Б.Садықов мектебінің оқушыларына «Түлкібас ауданындағы орта ғасырлық қалашықтар» тақырыбында лекция оқылып, соңында жалпы шолу экскурсиясы жүргізілді.

Лекция мақсаты: Музейге келушілерге ауданның тарихымен таныстыру және көне заман жәдігерлерімен таныстырып, аудан тарихына қызығушылықтарын арттыру болып табылады. Алдағы уақытта аудандағы өзге де мектеп оқушыларына арнап арнайы экскурсия ұйымдастыру жоспарланып отыр.