Аудандық турнир өтті

0
99

 

 

 

Бүгінде Түркістан облысында бұқаралық спортты дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аудан орталықтарынан бөлек алыс аймақтардағы ауылдарда түрлі жарыстар, кіші чемпионаттар ұйымдастырылуда. Соның бір айғағындай жуырда Түркістан облысы Отырар ауданда Қарғалы ауыл әкімдігінің қолдауымен және Отырар спорт клубының нұсқаушысының ұйымдастыруымен «Біз нашақорлыққа қарсымыз» атты ұранмен кіші футболдан Әріпжан Кенжеғұлов пен Әділ Алдияровты еске алуға арналған аудандық турнир өтті. Өткен шараға әр ауылдардан келген 10 команда қатысты. Бұқаралық спортты дамыту, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатындағы шараның ашылуына аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы қатысып, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.

Жақында ғана Қарғалы елді мекенінде ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдаланып, спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау мақсатында ашық футбол алаңшасы салынған болатын. Бұған дейін аудан орталығындағы стадиондарға барып ойнайтын ауыл жастары енді ауылдан ұзамай-ақ жайлы спорт нысанында жаттыға алады. Мұның өзі ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш ауыл азаматтарының балбұл жанған жүздері мен баладай дархан көңілдерінен сезіліп тұрды. Бұл өз кезегінде ауыл спортын дамытуға көп үлес қосары сөзсіз. Көпшілік асыға күткені сол қыс мезгіліндегі ауа райының салқын лебі еш сезілмей, ыстық ықылас пен қонақжай пейілдің өзі ауа райын құбылтып жібергендей әсерде болды.

Жаңа спорт алаңшасының ашылуы қарсаңында ұйымдастырылған турнирде аудан әкімінің орынбасары ауылдарды дамыту бағытында атқарылған жұмыстарды баяндай келе, жастардың салауатты өмір салтын ұстануы бағытында іске асып жатқан шаралардың маңыздылығына тоқталды. Спортты жанына серік еткендердің еш ұтылмайтынын, әлемге әйгілі спортшылардың басым бөлігі ауылдан щыққандығын тілге тиек етті.

Шара барысында ауыл әкімі Еркеғали Жұмабек спортты жанына серік еткен жастардың болашағы жарқын болатынын айтса, ауыл қариялары Медеубек Кенжеғұлов, Серікбай Айтуаровтар аққан жұлдыздай жарқ етіп сөнген асыл азамат Әріпжан Кенжеғұлов пен Әділ Алдияровтың қатар жүріп сыйласқан достығы мен адами қасиеттерін айтып, көздеріне ыстық жас алды.

Жарыстың ашылу салтанатында ауыл жастары елдің өтінішін орындап, ауылға спорт алаңшасын салдыруға белсенді жұмыс істеген VII шақырылымдағы Отырар аудандық мәслихатының депутаты Төрбек Дайрабаевқа шынайы алғысын айтып, ризашылығын білдірді. Әрбір қаным қазақ деген Атымтай жомарт азаматтар өз ауылдарына осындай спорт алаңшаларын салып берсе, жастарға жасаған қамқорлығы сол болары анық.

Спорттық жиында мемлекеттік әнұранымыз орындалып, жарысқа қатысушы командалар ойынды бастап кетті. Екі топқа бөлініп, іріктеу кезеңіне жолдама алуға ұмтылған ойыншылар тартысты ойын өрнегін көрсетті. Әсіресе Темір, Көкмардан, Отырар, Шеңгелді, Қарғалы елді мекендерінен келген спортшылар ақтық кезеңге өтуге барын салды. Жарыс нәтижесі бойынша ойында үздік атанған I — орын КӨКМАРДАН командасы, II — орын ТЕМІР командасы

III — орын ОТЫРАР командасы. Жарыс соңында турнир жеңімпаздары мен ойынға қатысқан командалар арнайы сыйлықтармен марапатталып , медальдар мен кубок табысталды. Қарғалы ауыл округ спорт нұсқаушысы:

Тілес Әнуарбек. Алдағы уақытта жап жаңа алаңшада жастар жаттығып, өз денсаулықтарына көптеп көңіл бөлері сөзсіз.